Салалық кәсіподақ төрағасы ақтөбелік еңбеккерлермен кездесті

Ақтөбеге жұмыс сапары барысында мұнайшылардың салалық кәсіподағының төрайымы Елена Мұстафина мен Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев еңбек азаматтарымен кездесті. Олар «СНПС көлік басқармасы» серіктестігі жергілікті кәсіподағының төрағасы Дархан Мырзабаевпен және жұмыс берушілермен мұнай сервистік компания жұмысшыларының еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдемелерге қарасты сауалдарын талқылады.


«Жұмысшылардың талап-тілектеріне дер кезінде құлақ асуымыз маңызды. Әсіресе, қазіргі кезде жалақыны индексациялау мәселесін шешу мен олардың әлеуметтік кепілдіктер бойынша төлемақыларын алуына күш жұмылдыру керекпіз», – деп атап өтті аумақтық бірлестік төрағасы А.Әмірғалиев.

Кездесу барысында Салалық кәсіподақ төрайымы Елена Мұстафина кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында ұжымдық шарт аясында енгізілген жеңілдіктерді жұмыс берушілердің қолдау танытып, мейлінше екі жақты ынтымақтастық аясында іске асырғанының жөн екенін тілге тиек етті.