«Қазхром» ТҰК» АҚ кәсіподақ ұйымының қоғамдық бірлестігі Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров ағымдағы жылдың басында «Қазхром» АҚ филиалдары: Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Казмарганец» кен басқармасы, Дөң тау-кен байыту комбинатының кәсіподақ ұйымының төрағалары және бас есепшілерінің басын қосты.
Үш өңірден жиналған кәсіподақ ұйымының төрағалары «Қазхром «ТҰК» АҚ президенті Сергей Прокопьевпен кездесіп, өндірістегі маңызды мәселелердің бірі де бірегейі болып саналатын қауіпсіз еңбек жайын сөз етті.
Кездесу барысында өндірісте қауіпсіз еңбектің сақшылары болып жүрген техникалық инспекторлардың білімі мен біліктілігін арттыру, жұмыстарын жандандыру, ынталандыру сияқты өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Компания президенті кәсіпорындардың мерейтойларын кең көлемде атап өту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жыл сайын өткізіліп отыратын спартакиада ойындарын ұйымдастыру мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
Одан кейін кәсіподақ активтерінің кездесуі Ақтөбе ферроқорытпа зауытында өз жалғасын тапты. Қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған кәсіподақ басшысы Әбілқайыр Сотқаров жалпы 2022 жылы ұйымның жеткен жетістігі мен атқарылған маңызды іс-шараларына, айшықты мәселелерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы атқарылуға тиіс ауқымды шаралар, бизнес жоспар, ұжымдық шарттқа толықтырулар мен өзгерістер енгізу, тағы басқажұмыстары жайлы хабарлама жасады. Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымы бойынша қаржылық есеп формасын және штаттағы жұмыскерлердің лауазымын бір жүйеге келтіру, қайырымдылық және демеушілік жұмыстары, материалдық көмек төлемдер кәсіподақ ұйымы арқылы жүргізілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта жұмыс жоспары бойынша атқарылуға тиіс игі істерді тағы бір рет пысықтады.