«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Шымкент қалалық филиал құрамындағы «Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы» КММ ұжымымен кездесу өтті.
Басқосуда «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Шымкент қалалық филиалының төрағасы Руслан Шерімов бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің жағдайымен танысты.
Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы 1978 жылы құрылған. Биыл 2023 жылы кітапхананың ашылғанына 45 жыл толады. Кітапхана жасөспірімдерге, барлық білім орталықтарының студенттеріне және басқа да қала тұрғындарына кітапханалық қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда орталықтағы кітап қоры 173 049 дананы құрайды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әшірова Әлия Серікқызының айтуынша, кітапхананың штаты бойынша 40 адам жұмыс жасайды. Оның ішінде 24 қызметкер кітапханашылар. Еңбек ұжымы 100% кәсіподаққа мүше.
Жиында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек ҚР Президентінің 2022 жылы қыркүйек айындағы Жолдауында айтылған ақпаратпен бөлісіп, Республикалық мәдениет және мұрағат ұйымдарының қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға, ал өңірлік қызметкерлердің жалақысы 35%-ға көтерілетіндігін айтты. Сонымен қатар, еңбекақының инфляцияға байланысты 20%-ға индекстеу жүргізілетіндігін жеткізді. Одан өзге Қазақстандық кітапхана одағы жеке әзірлеген «Кітапхана ісі туралы заңы» ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілетінін және биыл шешім табатынын айтып өтті.
Кәсіподақ ұйымының жұмысы кітапхана директоры Бабажанова Раушан Бабажанқызымен ұжымдық келісім мен әлеуметтік әріптестік негізінде жүзеге асырылады. Оның айтуынша, оқырман санының жылдан-жылға артуына, кітап қорының толығуына байланысты еңбек ұжымының басты проблемасы – ғимараттың тарлығы, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау үшін коворкинг орталығын ашу, заман талабына сай кітаптардың қолданыс аясын электрондық түрде қол жетімдігін жеделдету үшін қажетті материалдық техникалық құралдардың жетіспеушілігі, ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражаттың бөлінуіне қолдау көрсетіп ықпал етуін сұрады.
«1998 жылдан бері бұрыңғы балалар бақшасының ғимаратына орналасып, қала тұрғындарына кітапханалық қызмет көрсетіп келеді. Кітапхана ғимараты ыңғайластырылған ғимарат болғанымен, оқырман санының жылдан жылға артуына байланысты ғимараттың тарлығы сын көтермейді. Сондықтан қазіргі кезде жастардың өскелең талаптарын қанағаттандырып бірнеше күрделі мәселелер туындап отыр. Атап айтқанда, оқырман санының жылдан-жылға артуына, кітап қорының толығуына байланысты кітапхана ғимаратының тарлығына байланысты қосымша жапсарлас ғимарат (Шымкент қаласы, Т.Орынбаев көшесі, 21А үй) Түркістан қаласына 2019 жылдан бері көшкеніне байланысты бос тұрған ғимаратты Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының пайдалануына берілуіне, кітапхананы жаңа заман талаптарына сай, нағыз білім орталығы ретінде қалыптастырып, жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, олардың кітап оқуға, сапалы білім алуына жағдай жасау үшін жастардың жиі бас қосатын жеріне айналдыру мақсатында кітапхана осы бос ғимаратқа коворкинг орталығын ашуға, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, заман талабына сай, кітаптардың қолданыс аясын электрондық түрде қол жетімдігін жеделдету үшін қажетті сканер алуға, кітап және мерзімді басылымдарды сатып алу қаржысын көбейтуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға: жиҺаздарды, компьютерлік техникаларды жаңартуға, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражаттың бөлінуіне қолдау көрсетіп ықпал етуіңізді сұраймын», – деді мекеме басшысы Раушан Бабажанқызы.
Сонымен қатар, еңбек ұжымы тарапынан 3-5 жыл аралығында өтіп жатқан аттестациялау жайлы қойылған сұраққа Жарқынбек Айдарбекұлы 20 және одан да көп жыл үздіксіз еңбек өтілі бар қызметкерлерді аттестациядан босату туралы ұсыныс енгізгенін жеткізді.
Сапалы кездесу соңында қос тарап қанағаттандырушылықтарын білдіріп, талқыланған мәселелер «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бақылауында болатыны айтылды.