Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы Ауған соғысына қатысқан ардагерлер, педагогтер мен қызметкерлерге арнайы кездесу шарасын ұйымдастырды.
Облыстық кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев Ауған соғысынан аман-есен елге оралып, білім саласында қызмет етіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосып жүрген ардагерлерге алғыс білдіре отырып, кәсіподақ тарапынан құрмет грамотасымен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.
1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып, 1989 жылдың 15 ақпанында аяқталған Ауған соғысы 9 жыл 10 айға созылып, мыңдаған адамның өмірін өзгертіп, қаншама қайғы-қасірет әкелгені сөзсіз. Кездесу барысында ауған ардагерлері естеліктерімен бөлісіп, соғыстан оралмаған жолдастарын еске алып, бір минут үнсіздік жариялады. Бұл шараның жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналып отырғанына ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін жолдады.