Мәдениет және спорт саласы қызметкерлері арасында шаңғыдан жарыс өтті

Ақтөбеде салауатты өмір салтын насихаттау, бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері арасындағы өзара ынтымақты нығайту мақсатында мәдениет және спорт саласы қызметкерлері арасында шаңғыдан жарыс өтті.

Жарысты жыл сайын «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалы Ақтөбе облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының қолдауымен Кірпішті елді мекенінде орналасқан қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі негізінде ұйымдастырады.


Спорттық жарыстарға бұл жолы Шалқар, Қобда, Қарғалы және Мартөк аудандарының командалары қатысты.

Қыстың қарлы бораны мен толастамай жауған ақ ұлпа қарға қарамастан, жарыс тартысты өтті. Барлығы 31 команда, оның 9-ы мәдениет, 22-сы спорт саласының командалары. Жалпы 150 кәсіподақ мүшелері қатысты.
Нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, олар сыйлықтармен марапатталды.

Бас жүлдені Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивтің командасы мен Мартөк аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұжымы иеленді. Оларға теледидар сыйға тарту етілді.

Жүлделі 1-ші орынды Бокс мектебі мен С. Бәйішев атындағы кітапхана ұжымының командасы, 2-ші орынды Шалқар, Бадамша спорт мектептері мен Құрайлы мәдениет үйінің бастауыш кәсіподақ ұйымы командалары иеленді. Ал, 3-ші орынға «Жастар» спорт мектебі мен Үстел теннисі облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Қобда спорт мектебі, Н. Байғанин және С. Жиенбаев атындағы кітапханлар ұжымдарының командалары ие болды.

«Мұндай дәстүрлі спорттық шараларды біз жыл сайын ұйымдастырып келеміз. Бір қуаныштысы – жыл сайын салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуға ден қойған бастауыш кәсіподақ ұйым мүшелерінің саны артып отыр. Биылғы жарысқа алыстан арнайы бірнеше аудандарымыздың командалары қатысты. Бұл – достық пен ынтымақтастық мерекесі болды», – деп атап өтті Салалық кәсіподақтың Ақтөбе филиалының төрайымы Назира Табылдинова.