Ағымдағы жылы Астана қаласында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен әлеуметтік әріптестік аясында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге республиканың әр өңірінен салалық кәсіподақтың өкілдері, соның ішінде білім саласының Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ төрағасы М.Даупаев және заңгер Г.Курмангазиева қатысты.
Кездесу барысында мектепке дейінгі және орта білім комитетінің педагогикалық кадрлармен жұмыс басқармасының басшысы А.Дүйсембаева, Бюджеттік жоспарлау департаментінің Еңбекке ақы төлеу әдіснамасы басқармасының басшысы Г.Тоқпанова педагогтерді аттестаттау, еңбекке ақы төлеу жүйесі және білім беру басшыларын ротациялауға қатысты өзгерістерге кеңінен тоқталып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Салалық кәсіподақтың белсенділері кейбір нормативтік-құқықтық актілерге қатысты педагогтардың ұсыныс-пікір, сауалдарын жеткізіп, жауаптарын алды.