Қызылордада облыстың белсенді, көшбасшы әйелдері «Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы әйелдердің рөлі» атты дөңгелек үстел басында бас қосты. Әйелдер күні мерекесі қарсаңындағы атаулы шараны облыс бойынша әйелдер күші альянсы және облыстық саясаткер-әйелдер клубы ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелде аймақтағы белсенді әйелдердің қызметтік баспалдақтары, саясаттағы әйелдер белсенділігі, әйелдердің көшбасшылық қасиеттерін шыңдау мәселелері қозғалды.
Облыстық кәсіподақтардың еңбеккер әйелдер комиссиясы төрайымы Майра Боранбаева еркін форматтағы пікіралмасуда еңбек нарығындағы әйелдер мәселесі туралы тәжірибелік ой-пікірлерімен бөлісті.
«Әділетті Қазақстанды қалыптастыруда әйелдер еңбегін бағалаудың маңызы зор деп білемін. Заңнамалық база жеткілікті. Еңбек заңнамасы бойынша қандай да бір кемсітушілікке жол берілмейді, дегенмен еңбек нарығында әйелдердің төмен жалақылы жұмыстарда жұмыс істеуі, басшылық лауазымдарға көтерілмеуі, отбасылық-әлеуметтік жауапкершілікті жеке басына алуы себептерінен теңсіздік орын алады. Әрбір жұмыс орындарында қабілеті мен тәжірибесі жеткілікті жұмыскер әйелдерді қызметтік көтеруге ынталылықты қалыптастыру керек», – деп пікір білдірді Майра Боранбаева.