Заң клиникасы баршаға ашық

Ақтөбе облысы кәсіподақ орталығы жанындағы заң клиникасының филиалында азаматтарға еңбек, әлеуметтік және кәсіподақ заңнамасы мәселелері бойынша тегін заңгерлік кеңес беру жұмыстары жалғасуда.

Бұл жолы заң клиникасына Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшысы дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысымен келіспеушілік мәселелері бойынша жүгінді.

Оған “Бел омыртқасының остеохондрозы” диагнозы қойылып, оның нәтижесі бойынша ол балқытушы болып жұмысқа жарамсыз болып шыққан. Осы мәселе бойынша Кәсіподақ орталығының төрағасы А.Әмірғалиев пен Заң клиникасы филиалының басшысы Ж.Нұршекенов заң тұрғысындағы маңызды факторларды анықтап, “Қазхром” АҚ кәсіподақ төрағасы А. Соткаровтың қатысуымен жұмысшыға заңгерлік кеңес берді.

Заң клиникасының жұмысында татуластыру рәсімдеріне үлкен рөл бөлінгендіктен, Кәсіподақ орталығының төрағасы жұмысшыға “Татуласу орталығында” мәмілеге келу арқылы дауды реттеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Жақын арада дауды татуластыру жолымен реттеу шеңберінде тиісті рәсімдер жүргізілетін болады және мәселе кәсіподақ орталығының бақылауына алынды. Қажет болған жағдайда біздің Заң клиникасы зауыт жұмысшысына еңбек құқықтарын қорғау бойынша тегін заң көмегін көрсетеді.