Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының қарсаңында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы педагогика саласында жемісті еңбек етіп жүрген көпбалалы аналарға сый-құрмет көрсетті.
Өмірі өнегемен өрілген ұлағатты ұстаздар тек өзгенің баласын оқытып қана қоймай, өздері де еліміздің демографиялық өсіміне өлшеусіз үлес қосып, отбасының берекесін кіргізіп, ұрпақ тәрбиелеп отыр. Алтын құрсақты ұстаздардың алды өмірге 7 перзент әкелген. Басым көпшілігі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері.
Салалық кәсіподақ төрағасы Раушан Серікова педагогтерді мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Ана әрі ұстаз атты абзал атқа ие болып, отбасының ұйытқысы, бала жанының бағбаны болып отырған аяулы жандарға алғыс айтты. Кәсіподақ ұйымы тарапынан көпбалалы аналарға 100 мың теңгелік сертификаттар тарту етілді.