Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығында өткен басқосуға өңірдегі ірі мұнай және мұнай сервистік компаниялардың кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен облыстық ішкі саясат департаментінің өкілдері қатысты. Ашық диалог түрінде өткен кездесуде жалақыны арттыру, ұжымдық шарттарды бекіту және ҚРКФ жариялаған Қауіпсіз еңбек жылы аясында еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастыру мәселелері қозғалды.
Облыста мұнай өндіруші және мұнай сервистік компанияларда барлығы 23 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Отырыста «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «СНПС Көлік басқармасы», «Сағыз Петролиум», «Қазақойл Ақтөбе», «Ұлы қабырға» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мұнайшылардың еңбек құқығын қорғау мақсатында атқарылып жатқан оң бастамаларын ортаға салды.
Қазіргі таңда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Кенқияқ және Жаңажолдағы кеніштерде еңбек етіп жүрген жұмысшылардың тамақтануына жіті көңіл бөліп, аутсорсинг компанияларды жұмысқа тартып, тамақ сапасын жақсартқанын әрі қысқарту болмағанын атап өтті.
“Мұнай саласындағы вахталық әдіспен еңбек ететін жұмысшыларға тамақтануға бөлінген қаражат әр компанияда әртүрлі. Сондықтан, оларды теңестіру, бастысы тамақ сапасын жақсарту керек”, – деп атап өтті жиынға қатысушылар.
“Биыл ҚРКФ еңбекақы төлеу мәселесін реттеу бағытында еңбек заңнамасында жалақыны міндетті индекстеу туралы нормаларды бекітуді ұсынды. Біз осыны құптай отырып, жалақыны индекстеуге мейлінше көңіл бөлеміз”, – деді Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығы төрағасы А.Әмірғалиев.
Мәселен, өңірде «СНПС-АТК» ЖШС индекстеу жүргізіліп, жұмысшылар наурыз айынан бастап үстеме алуда. «Сағыз Петролиум» ЖШС ұжымдық шартқа өзгертілген жалақыны индекстеу мәселесіне жұмыс берушілер келіспей отырғаны айтылды.
«Біз жұмысшылардың еңбек құқығын басты назарда ұстаймыз. Әрдайым еңбеккерлерді толғандырған мәселелерге көңіл бөлеміз. Бізде тегін кеңес беретін заң клиникасы қызмет етеді. Жұмысшылардың көбі өз құқығын білмегендіктен, заңсыздықтар болып, еңбек құқықтары бұзылады. Сондықтан, еңбек дауларының алдын алуда кәсіподақтың атқарар ролі өте маңызды», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев.
Ұжымдық шарт – кәсіподақ мүшесіне әлеуметтік кепілдік беретін басты құжат. Оған өзгерістер енгізуге немқұрайлы қарамау керектігі айтылды. Мәселен, «Ұлы қабырға» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бекболат Умаровтың айтуынша, ұжымдық шарт оларда жақсы жасалған. Көптеген міндеттемелерді жұмыс берушімен ұжымдық шарт аясында жасауға қол жеткізілген. Жалақыны көтеру мен сыйақы төлеу мәселесі де оңынан шешімін тапқан.
Отырысы барысында ҚРКФ «Халық бюджеті» атты кәсіподақ жобасына қатысу мен «Үстел ойындары» спорттық жарысқа белсене атсалысу жайы да айтылды. «2023 жылғы үздік кәсіподақ ұйымы – қауіпсіз еңбек саласындағы көшбасшы» республикалық байқау-конкурсын өткізу туралы бастамалар айтылып, оған өтінімдер жіберу туралы толық ақпараттар берілді.
Биылғы Еңбек қауіпсіздігі жылы аясында « Еңбек консультациялары» акциясы аясында арнайы график жасалып, облыстағы еңбек ұжымдарымен кездесулер жасалатыны айтылды. Сонымен қатар, ұжымдық шарттардың жасалуы мен оның мазмұнының сапалылығына көңіл бөлу, 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісімнің мерзімі аяқталуына байланысты жаңадан қабылданар келісімге толықтырулар енгізу үшін кәсіподақ жетекшілерінен нақты ұсыныстар күтілетіні де баяндалды.