Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығында «Каспий су тұшыту зауыты» ЖШС жұмыскерлерінің өкілдерімен бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы кездесу жиыны өтті.
Кездесуге облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы С. Бекгалыев, төрағаның орынбасары Д. Кеңшілік, «YNTYMAQ» салалық кәсіптік одағы» РҚБ төрағасы Т. Шаимов, «Каспий су тұшыту зауыты» ЖШС жұмыскерлерінің өкілдері Р. Есенбергенов және Р. Есетов қатысты.
Іс-шара барысында «YNTYMAQ» салалық кәсіптік одағы» РҚБ төрағасы Т. Шаимов жұмысшылар өкілдерін «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелерімен және қоғамдық бірлестіктің жарғысымен таныстырып, кәсіподақ жұмысын ұйымдастыру бойынша бірқатар ұсыныстар берді.
Кездесу қорытындысы бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы ұсынысты жұмысшылар бірауыздан қабылдап, бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып Есенбергенов Руслан Амантайұлы сайланды.
Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер – Министрінің орынбасары А.С. Кульгинов өңірдегі еңбек қатынастары мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар берді, оның ішінде кәсіподақтар мен жергілікті атқарушы органдар кәсіподақ жоқ кәсіпорындарда бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру жөніндегі жұмысты бірлесіп ұйымдастырып, оларды үйлестіруді қамтамасыз ету деп көрсетілген.
Өз кезегінде, «Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығы» АКБ-нің басшылығы мен мамандары кәсіподақ мүшелері мен өңіріміздің азаматтарына заңгерлік және құқықтық көмек көрсетуге әрқашан дайын.