Теміржол саласындағы әскерилендірілген күзет қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселесі қамтылды

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Әскерилендірілген теміржол күзеті Ақтөбе филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымымен онлайн форматта кездесті. Кездесуге «Әскерилендірілген темір күзеті Ақтөбе филиалының» жергілікті кәсіподақ ұйымының мүшелері, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Батыс» филиалы бойынша кәсіподақ төрағасы Ғабит Садықов қатысты.

Кездесуді ашқан «Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Алтынбек Әмірғалиев Кәсіподақтар федерациясы жариялаған «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында аймақтық кәсіподақ ұйымдары еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша түрлі іс-шараларды қолға алғанын жеткізді.

Әскерилендірілген теміржол күзеті кәсіподақ ұйымының төрағасы Әділхан Аймағамбетов өз кезегінде еңбеккерлердің еңбекақы және демалыс, еңбекті қорғау мәселелері бойынша заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Ол өз сөзінде бірлескен жұмыстың арқасында жалақыны 10 пайыз өсіруге мүмкіндік туғанын атап өтті. Өндірістік сектордағы жұмыскерлердің еңбек өтіліне қарап, еңбек демалысының күндері 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылды. Соңғы екі жылда жалақы 55 пайызға өскен. Ең бастысы – жеке құрамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, еңбекті қорғау мен техникалық қауіпсіздікке көңіл бөлу мақсатында техникалық инспекторлардың кәсіби біліктілігін арттыруға назар аударылды. Сондай-ақ, техникалық инспекторларды материалдық ынталандыру және көтермелеу үшін оларға ұжымдық шарт арқылы жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша 3 күн қосылды.

«Техникалық инспекторларды оқытуға кәсіподақтан қолдау күтеміз», – деп атап өтті бастауыш кәсіподақ төрағасы.

Жиын барысында сөз алған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Батыс» филиалы бойынша кәсіподақ төрағасы Ғабит Садықов жергілікті кәсіподақ ұйымының қызметіне, оның жұмыс берушімен тығыз қарым-қатынасына оң бағасын берді. Сондай-ақ, еңбеккерлердің жалақысын арттыру мәселесі салалық кәсіподақтың басты мақсаттарының бірі екенін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды.

«Кәсіподақтар Бас келісімнің жобасын әзірлеу жолында ортақ күш-жігерді танытты, өзекті мәселелерге өзара жұмыла кірісті. Бұл – еліміздегі кәсіподақ мүшелері үшін маңызды жайт. Өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақыны арттыру мәселесін түрлі алаңдарда тұрақты негізде көтеріп жүр. Осының арқасында елімізде ең төменгі жалақы мөлшері өсті және әлі де артады, сонымен қатар, ең төменгі жалақыны анықтау, оның ішінде оны индекстеу әдістемесін әзірлеу бойынша кәсіподақтардың көптен бергі бастамасы қолдау тапты. Сондай-ақ, еңбекақы жүйесін анықтау механизмдерін қайта қарау туралы ұсыныс жасалды. Негізінде, көп мәселелердің шешімі ұжымдық шартқа байланысты. Бүгінгі таңда елімізде жасалған 153 900 ұжымдық шарттың 10650 – бюджеттік, ал 1895-і ғана реальный секторда. Біз жұмыс берушілердің жауапкершілдігін арттыру үшін еліміздегі заңнамаларға ұсыныстар енгізуге мүдделіміз», – деді Мұхтар Тінікеев.

Сондай-ақ, ол «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткізілген кездесулердің маңыздылығын айта келе, Әскерилендірілген темір жол күзеті Ақтөбе филиалының басшылығы мен кәсіподақ ұйымына еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында бірлескен белсенді жұмыстары үшін алғысын білдірді.