Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» жергілікті кәсіподағының төрағасы С.Сатов облыстық жедел штаб мүшелерімен бірге Мұғалжар ауданындағы Жаңажол кен орнына барып, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ №2 газ өңдеу зауытының аумағында жеңіл көмірсутектер алу қондырғысында болған өрттің салдарын қарап шықты.
Облыс әкімі кәсіпорын басшылығымен шұғыл жиын өткізді. Оған Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығы, еңбек инспекциясы, өрт қызметі , мұнай кәсіпорыны т.б, сала жетекшілері қатысты.
Жиында аталған факті бойынша ҚР ҚК 292-бабы «Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, тергеу басталғаны баяндалды.
«Бұл салдармен күресу. Оқиғаның себептерін анықтау қажет. Өндіріс технологияларын, қауіпсіздік техникасын сақтамау негізгі мәселе болып қалады. Бұдан басқа да мәселелер бар. Аталған жағдай бойынша комиссия құрылды, компания басшыларын, орындаушыларды жауапкершілікке тарта отырып, барлық мұнай өндіруші кәсіпорындарға толық тергеу, тексеру жүргізіңіз. Сондай-ақ мұндай жағдайларға жол бермеу бойынша жол картасы әзірленетін болады», – деп тапсырды облыс әкімі.
Кәсіподақ төрағасы А. Әмірғалиев облыстан барған комиссиямен бірге Өрт кезінде күйік шалған 4 жұмысшының жағдайын білу үшін Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы ауруханаға барды. Дәрігерлерден зардап шеккендерге қандай ем-дом шаралары көрсетіліп жатқанын білді.3 жұмысшы Ақтөбе қаласындағы ауруханаға жеткізілетін болды.
Науқастарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Өртті жою үшін құрылған жедел штаб жұмысын жалғастыруда.