Елордада құрылысшылардың мәселесі талқыланды

Ағымдағы жылдың 3 мамырында елорда құрылыс саласының жұмысшыларының талабы бойынша «Жанұя» орталығында кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов, мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұлов, Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмысшылары салалық кәсіподағының Астана қаласы филиалының төрайымы Тілеулес Мадиярова, ҚР жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) ұлттық Конфедерациясының Астана қаласындағы жетекшісі Нелли Твердовская, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков, сонымен қатар G-Park, BI Group, Sensata Group және т.б. құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында құрылысшылардың жалақыны көтеру, мереке күндері жұмысқа шыққаны үшін және жұмыс күні нормасынан артық жұмыс уақытына үстеме төлемдерді қамтамасыз ету, еңбек шарттарын жасасу және жұмыс берушінің қауіпсіз және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі талаптары талқыланды.

Жиынға келген тас қалаушылар, монолитшілер, мұнаралы кран машинистері қазіргі уақытта Астанада ереже бұзып, талаптарды орындамаған және тиісті жер құқығынсыз құрылыс салып жатқандар компаниялардың әрекетінен 76 құрылыс нысаны жұмысының тоқтатылуына орай жұмыссыз қалатындарына да алаңдаулы. Сонымен қатар, құрылыс компанияларының қосалқы мердігер ұйымдармен жұмыс жасауы, олардың әлеуметтік жауапкершілікті алмауына, құрылысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуына әкелетіндігі айтылды.

Бұған дейін жеке шағымданған құрылыс саласы жұмысшыларының бастамашыл тобына Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы тарапынан еңбек дауларын шешудің заңнамалық нормалары және осы қызметті заңнамалық негізде жүргізу қажеттілігі туралы түсіндірмелер берілді. Т.Күнәділов құрылыс компанияларында кәсіподақ ұйымының жоқтығына қарамастан, әрбір еңбек дауы аясында жұмыскерлердің құқықтарын сақтауға қолдау білдіріп, Кәсіподақтар федерациясының алаңында бірнеше кездесулер ұйымдастырды.

Кездесу соңында құрылыс компанияларындағы ахуалды объективті бағалау және орын алған проблемаларды шешу жолдарын әзірлеу мақсатында құрылыс саласының ортақ бастамашыл тобын құруды және әрбір жұмыскерге қатысты еңбек заңнамасының бұзылуы туралы ақпарат беру ұсынылды. Жуық арада құрылысшы мамандардың бастамашыл тобы әлеуметтік әріптестік аясында келіссөздерді жалғастыруға ниет білдірді.