Еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша көшпелі семинар өтті

Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Павлодар облыстық филиалымен бірлесіп, көшпелі форматта еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша семинар өткізді.


“Іс-шараның мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің назарына «Еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 15 ақпандағы №199 – VII ҚРЗ Заңының және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 226-VII ҚРЗ Заңының ережелерін жеткізу және түсіндіру”, – деп атап өтті Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Д.Айтжанова.

Zoom платформасын пайдалана отырып, оқыту іс-шарасына қатысушылар – салалық, жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдары филиалдарының өкілдері еңбек дауларын қарастыру тәртібін оңайлату, платформалық жұмыспен қамту, бірлесіп жұмысқа орналастыру, бос тұрып қалу және өндірістік қажеттілік ұғымдарының өзгеруі, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінің өзгеруі, төрт күндік жұмыс аптасын енгізу, жылжымалы жұмыс кестесі, бос уақытты төлеу жөнінде ақпарат алды.

Семинарды өткізуге «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы С.Осман және «Павлодар облыстық көркемсурет мұражайы» КМҚК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы И.Какаулина қолдау көрсетті.

Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Татуласу орталығының» басшысы М.Иванова спикер болды.