ҚР Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңсесінде Халықаралық еңбек ұйымы миссиясының делегаттарымен кездесу өтті. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін ХЕҰ бюросының және Лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының өкілі Антонио Сантоспен кездесті. Жиынға ХЕҰ Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Талғат Өміржанов, ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің бас сарапшысы Марат Имаш, ҚРКФ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тахмина Құбашева қатысты.
Кездесу барысында еңбекті қорғау мәселелері талқыланды. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева Федерацияның қызметіне қысқаша шолу жасап, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – ҚРКФ басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, кездесуге қатысушыларды Кәсіподақтар федерациясының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қолға алған іс-шаралары туралы ақпараттандырды.
«Кәсіподақтар федерациясы еңбекті қорғау бағытында белсенді жұмыс атқаруда. «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі толыққанды қамтылған. Сонымен қатар, Федерация 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек» жылы деп жариялады. Осыған орай мүше ұйымдар жұмыс орындарында, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды қолға алды. Біздің жүйеде еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жұмыс жасайды. Бүгінде олардың саны – 18717, олар өндірістік кеңестердің құрамында жұмыс атқарады. Республика бойынша 18 мыңнан аса өндірістік кеңес бар. Техникалық инспекторлар жыл сайын еңбек жағдайларына тексерулер өткізеді. Өткен жылы 95 000 тексеру өткізіліп, 139 000 ескертулер беріліп, оның 135 000 шешілді. Көбісі, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ережелердің талаптарын бұзу, қауіпсіз еңбекке оқыту, арнайы киімдермен қамтамасыз ету және т.б.», – деді Гүлнара Жұмагелдиева.
ҚРКФ төрағасының орынбасары Федерацияның еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарын халықаралық әріптестердің назарына жеткізді.
«Өкінішке қарай, бүгінде техникалық инспекторлардың уәкілеттігі аса көп емес. Осы себепті Кәсіподақтар федерациясы техникалық инспекторлардың уәкілеттігін арттыру бойынша Еңбек кодексі және «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өз ұсыныстарын ұсынды. Сонымен қатар, біз түрлі алаңдарда мемлекет тарапынан мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігі туралы айтып келеміз. Мемлекеттік инспекторлардың саны аз, олар жергілікті атқарушы органдарға бағынады. Оларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына қайтаруды ұсындық. Техникалық инспекторлардың жұмыс орындарын кез келген уақытта және кедергісіз аралауға, кәсіпорындарды тексеруге мүмкіндіктері болуы тиіс. «Мемлекеттік инспектор – техникалық инспектор» бастамасын көтерудеміз. Себебі, техникалық инспектор кәсіпорынды ішінен жақсы біледі, мәселелерді жіті таниды. Осы ұсыныстармен министрлікке жүгіндік. Мәжілістің жаңа құрамы біздің ұсыныстарды қабылдайды деген үміттеміз», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Өз кезегінде Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін ХЕҰ бюросының және Лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының өкілі Антонио Сантос еңбек инспекторларының жұмысына тоқталып өтті. Оның айтуынша, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін кәсіпорындарға тексерістер жиі өткізіліп отыруы керек.
«Еңбек инспекторы өз бетімен тексерулер жүргізе алмайды. Ол үшін жұмыскердің арызы болуы керек. Дегенмен, бұл істе құпиялылықтың сақталуы маңызды. Жұмыс беруші арыздың иесін де, тексерістің уақытын да білмеуі қажет. Сонымен қатар, еңбек инспекторлары айыппұл сала алмайды, тек ескертеді. Яғни, жұмыс беруші инспектордың қандай да бір ықпалын сезінбейді. Осы мәселелерді заңнама деңгейінде қарастырып, шешуіміз тиіс», – деп атап өтті Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін ХЕҰ бюросының және Лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының өкілі.
Сонымен қатар, Халықаралық еңбек ұйымы миссиясының делегаты еңбекті қорғау бағдарламасын дамыту және еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыру бойынша өзінің ұсыныстарымен бөлісті.
Кездесуге қатысушылар еңбекшілердің мүддесі үшін халықаралық кәсіподақ диалогын нығайту және дамыту маңызды екеніне тоқталды.