Құрметті әріптестер!
31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – миллиондаған адамдардың қазасына алып келген саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні.
Бұл күні біз саяси қуғын-сүргіннен, күштеп жер аударудан және ұжымдастыру жылдарында аштықтан жазықсыз қаза болғандарды, із-түссіз жоғалғандар мен зардап шеккендерді еске аламыз. Өткен ғасырдың 30-жылдарында Қазақстан ГУЛАГ лагерлерінің тұтас желісі пайда болған аймақтардың біріне айналды.
Халқымыздың басынан өткен осынау қасіретке толы кезең әрбір қазақстандықтың жүрегінде қайғылы із қалдырды. Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген халықтар үшін қазақ жері нағыз шаңыраққа айналды. Ата-бабаларымыздың қайсарлығы мен ерік-жігері ең қиын сынақтардан лайықты өтуге және біртұтас халыққа бірігуге мүмкіндік берді.
Осынау қаралы күні өткен ғасырдағы ең сұрапыл қасіреттердің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің барлығына тағзым ету – әрқайсымыздың міндетіміз.
Болашақтың берік іргетасы Тәуелсіздіктен басталады. Бүгінгі таңда ұлттық бірлігіміздің мызғымас іргетасы болып табылатын келісімнің, бірлік пен жасампаздықтың арқасында біз кезең-кезеңімен дамып, жаңа мақсаттарға қадам басудамыз.
Өткеннің қайғылы беттерін ешқашан қайталамау үшін біз осы жетістіктерді бағалауымыз керек.
Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!
Құрметпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин