Шымкент халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Бүгін еліміздің үшінші мегаполисінде «Қасірет» мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті.

Аталмыш шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы және Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Алтеев, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы төрағасы Жұмағали Білісбеков, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен репрессия құрбандарының ұрпағы қатысты. Іс-шара алдымен Ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды. Тағдырдың қатал сынағына ұшыраған боздақтар еске алынып, құрмет етілді. Жиылған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Одан әрі саяси-қуғын сүргінге ұшыраған арда азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Марқұмдардың рухына арналып, Құран аяттары бағышталды. Одан кейін көпшілік арнайы қойылған инсталляцияны тамашалады.

Бұл – қазақ тарихындағы қаралы күннің бірі. Солақай саясаттың кесірінен ұлтымыздың қаймағы мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Енді олардың атын еске алып, жадымызда сақтау, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы.