Елордада құрылыс алаңдарына жүргізілген мониторинг өз нәтижесін беруде

Құрылыстағы еңбек қауiпсiздiгi және еңбек жағдайларын бақылау мақсатында әлеуметтік әріптестермен бірлесіп құрылған жұмыс тобы «Comfort Construction KZ» ЖШС салып жатқан «Atheletic City» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды.

«Comfort Construction KZ» ЖШС құрылысты салуға 8 мердігермен келісім жасаған. Қазіргі сәтте компанияда 140-тан астам құрылысшы жұмыс істейді.

Мониторинг барысында Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы бұйрықтарға құрылыс учаскесі басшысының қол қойғаны анықталды. Талапқа сай бас мердігердің директоры немесе оның орынбасарының атынан рәсімделуі тиіс.

Мұнаралы кранмен жұмысты ұйымдастыру жобасы бойынша сызбада аз-кем кемшіліктер табылды. Сондықтан бұзушылықтар мен апаттарды болдырмау үшін қойылатын негізгі талаптар мен пайдалану шарттарын орындау тапсырылды. Крандар жаңа болғандықтан, олардың техникалық ақаулығы жоқ. Бірақ краншылардың сақтандыру белбеуінің жоқтығы анықталды.

Компаниядағы барлық құрылысшы мамандардың өз міндетіне сәйкес оқыту курстарында білім алғаны туралы куәліктері бар. Бірнеше жұмысшылардың куәліктерінің мерзімі үш жылға берілгені байқалды. Дегенмен, жұмысшылардың біліктілігін жыл сайын арттыруға назар аудару қажеттілігі ескертілді.

Құрылысшылар алатын жалақыларына және еңбек жағдайына көңілдері толымды. Тас қалаушылармен әңгімелесу кезінде олар 500 мың теңгеге дейін жалақы алатындарын айтты. Бірақ барлығымен еңбек шарттары жасалмаған. Жұмыс беруші еңбек шартын жасауға қарсы болмағанмен, тас қалаушылар еңбек шартынсыз жұмыс істеуді жөн көріп отыр.

Құрылысшыларға арналған медициналық пункт жұмыс жасайды. Киім ауыстыратын, демалыс орындары тиянақты жасақталған. Асханасы кең, әрі таза. Түскі астың бағасы бір мың теңге. Жақын арада жуынатын кабина ашу жоспарланған.

Мониторинг қорытындысы бойынша жұмыс тобының мүшелері жіберілген кемшіліктерді екі күн ішінде жоюға талап қойды.

Жалпы, өз жұмысшыларына қолайлы еңбек жағдайын жасап отырған «Comfort Construction KZ» ЖШС-дағы еңбек жағдайы елордадағы басқа құрылыс компанияларына үлгі боларлықтай.