Мектептегі оқуын тәмамдап, кезекті сыныпқа көшкен ойын баласына жазғы каникулдың басталғанынан артық қызық болар ма?! Балдан тәтті балалық шақ кімнің де санасында тәтті естелік ретінде сақталып қалары анық. Ал, жазғы лагерьдің орны тым ерекше екендігі ешқандай талас тудырмаса керек.
«ССЕР» компаниясында еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлері балаларының жазғы демалысын көңілді ұйымдастыру мақсатында маусымның 17-сі мен 27-сі аралығында Батыс Қазақстан облысындағы «Евразия» туристік-сауықтыру кешеніндегі лагерьдің екінші кезеңінде 32 бала көңілді демалыстарын өткізіп қайтты.
«Компания бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған жазғы лагерьде өндіріс озаттарының, көпбалалы отбасыларының балалары он күн бойына қызықты да есте қалалықтай мәдени-спорттық шаралар мен интеллектуалдық ойындарға қатысып, бақтарын сынады. Суға шомылып, табиғат аясында серуендеді, жаңа достар тауып, отбасыларына үлкен әсермен оралды. Жылдағы дәстүр бойынша кәсіподақтың тарапынан біз мұндай қолдау-көмекті болашақта да жалғастыра беретін боламыз», – дейді «ССЕР» компаниясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Жақсылық Мүсепов.

Жазғы каникул кезінде балаларына көңілді демалыс сыйлаған компанияға ата-аналар да өздерінің ризашылықтарын білдірді.