Атырау – Боржоми: алғашқы қадам жасалды

Үш күндік жұмыс сапарымен мұнайлы өңір астанасына келген Грузия елінің өкілдері – «JDS Borjomi» компаниясының президенті және Қазақстанның Грузиядағы құрметті консулы Л.Багдавадзе, Боржоми қаласының мэрі О.Арболишвили, Боржоми муниципалитетінің басшысы Д.Заалишилиді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қабылдады. Қабылдауға Атырау аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің салалық кәсіподақтарының төрағалары, шаһардың бизнес өкілдері қатысты. Делегация мүшелері болашақта туысқан қалалар ретінде екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты және туризмді дамыту мақсатындағы жоспарларымен таныстырды.

Тараптар аталған қалалардың өзара қарым-қатынасы мен ынтымақтастық байланысы бұл тек демалысқа, туризмге ғана емес, шағын және орта бизнеске де қатысты маңыздылығын тілге тиек етті. Боржоми қаласының мэрі Отар Арболишвили өз кезегінде бұл – аймақтың өндірістік компаниялары мен мекемелеріндегі жұмысшы-қызметкерлердің, кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын жақсарту, сауықтыру мақсатында Боржомидағы шипажайларға, балалар  лагерьлеріне жіберу үшін тараптардың арасындағы өзара келісімшарт жасасу бағытындағы алғашқы қадам екенін жеткізді.

Салалық кәсіподақтардың жетекшілерін Боржоми шипажайларында жұмыскерлердің денсаулығын жақсарту, емдеу-сауықтыруы шаралары және балалар үшін лагерьлерде демалыстарын көңілді ұйымдастыру мүмкіндіктері, қызмет көрсету ақысының қолжетімділігі мәселелері қызықтырды. Кәсіподақ көшбасшылары делегация мұшелерінен өздерін толғандыратын сауалдарына тұшымды жауаптарын алды.

Былтыр Атырау аймағынан Грузияға демалу барған 18 мыңнан астам туристің үштен бір бөлігі «Borjomi Palace» санаторийінде ем алған екен. Ал, биылғы 4 айда Грузияға он мыңға жуық атыраулық саяхаттаған.

Кездесуде тараптар Атырау мен Боржоми қалалары арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықтың, туризм саласының басқа да өзекті мәселелерін қозғады. Атыраумен бауырластық қарым-қатынас орнату мақсатындағы бұл кездесуде Отар Арболишвили меморандумға қол қою үшін әріптестерін Боржоми қаласына шақырды.

Екі шаһардың бауырлас қалалар атануы мүмкіндігінің алғашқы қадамы осылай жасалды.