«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қалыптасқан дәстүр бойынша жыл басында еліміздің оңтүстік өңіріндегі «Сарыағаш», «Манкент», «Меркі», «Сайрам», «Ақсу-Жабағлы» және Қостанай облысындағы «Сосновый бор» сынды белгілі шипажайларымен келісімшартқа отырған болатын. Сол арқылы облыстың білім беру мекемелерінде бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмысын жолға қойған белсенділер және қарапайым техникалық қызметімен көзге түскен жұмыскерлерды ынталандыру мақсатында шипажайларға демалуға 900 жолдама беру көзделген еді.
Осы орайда қала мен аудандардан құрметке лайықты 50 кәсіподақ көшбасшысы мен белсенділері оңтүстік өңірдегі тамаша табиғатымен, саф ауасымен, шипалы ем-домымен танылған тау бөктеріндегі «Меркі» шипажайына тегін демалуға аттанып кетті.

«Біз білім беру мекемелеріндегі қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік мәселелерін шешуге ақысыз-пұлсыз қызмет етіп жүрген бастауыш ұйымдар төрағалары мен, адал еңбегімен көпке үлгі болып, бала-шағасын асырап отырған қарапайым техникалық қызметкерлерді де шипажайларда демалуы қажет деп ұйғардық. Салалық кәсіподақ болашақта да Қазақстанның емдеу-сауықтыру демалыс орындарымен байланысты жалғастыра беретін болады», – дейді «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы.