Қызылорда облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында «Еңбек жолы» конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын анықтау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.
Аталған конкурс ұрпақтар сабақтастығын сақтау, еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және еңбек әулеттерін насихаттау, жастарды еңбекке құрметпен қарау, еңбек дәстүрлерін сақтау және көбейту рухында тәрбиелеу мақсатында жылда өткізіліп, республикалық деңгейде қыркүйек айында Еңбек күні қарсаңында жеңімпаздар марапатталады.
Конкурстың Қызылорда облысы бойынша комиссия отырысында берілген өтінімдерге сәйкес «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.
Комиссия жұмысына Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева қатысты.