«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйғарымына сай Жамбыл облысының Меркі ауданында орналасқан «Меркі радон» шипажайына кәсіподақтың тегін жолдамасымен келген аймақтың бір топ білім беру саласы қызметкерлері өз демалыстарын көңілді әрі есте қаларлықтай өткізуде. Атырау қаласы мен жеті ауданнан келген кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері тау бөктерінің тамаша табиғатына тамсанып, таза ауасымен тыныстады. Шипажай дәрігерлері ұсынған ағзаға шипасын тигізер ем-дом түрлерін алды.
Сондай-ақ, демалушылардың біразы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласын, осы өңірдегі сәулет өнерінің тамаша туындылары Айша Бибі, Бабаджа хатун, Қарахан кесенелерін, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін тамашалауға, Қырғызстан астанасы Бішкекке, тау шатқалына барып, саяхаттауға да мүмкіндік жасалды. Атыраулық ұстаздар құрамасы волейбол сынынан екінші орын иеленді. Жерлестеріміз шипажайда ұйымдастырылған үстел теннисі, волейбол, шахмат, дойбы, нарды сайыстарына да белсене қатысты.
Атыраулық ұстаздар мен кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаны еліміздің өзге өңірлерінен келген демалушылар таңданыспен жылы қабылдады. Кешті жүргізуші доссорлық ұстаз Майра Қожамбетова көрермендерге «қош келдіңіздерін» айтып, Нарынның наркескен ақыны Нұралы Әжіғалиевтің Атырау туралы жырын тарту етті.
Даңқты композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың «Еділ мен Жайық» әні хормен екі дауыста орындалуымен басталған бағдарламада сахна төрінен күмбірлеп күй төгілді, әуезді ән әуендері есті. Майра Қожамбетова ақын Бақтыгүл Бабаштың сөзіне жазылған Роза Әлқожаның «Ән-Фариза» атты әнін тарту етті.
Мұнан соң Ақмарал Амантұрлы «Ерке сылқым» күйін күмбірлетіп, «Үш Меркі» әнін орындады. Ал, кәсіподақ ардагері, «Қазақстанның Құрметті журналисі Бақытжан Жұматтың орындауындағы «Маржан қыз», «Тербеледі тың дала», ерлі зайыпты Александр мен Татьяна Корнауховтардың «Сағыныш сазы», «Пусть говорят», Маржан Кетебаеваның «Дүние-ай», Бекзада Темірованың орындаған «Червона рута» атты сазды әуендеріне, Махамбеттің «Арғымақ, сені сақтадым» өлеңін оқыған Айгерім Бигелдиеваның, авар ақыны Расул Гамзатовтың поэзиясынан жыр толғауын төккен Гүлнар Әділованың және флешмоб биін сахналаушы жастар өнеріне көпшілік ризашылықпен қол соғып, қошамет білдірумен болды.
Атыраулық ұстаздар мен сала жетекшілері өздеріне осындай тамаша демалыс сәттерін сыйлаған «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлына да шынайы алғыстарын жеткізді.
Демалушылар концерт шымылдығын кәсіподақтар гимні – «Кәсіподақ қорғаушы» әнін шырқаумен жауып, барша демалушыларға денсаулық, шығармашылық табыстар мен сәттіліктер тілеп тарқасты.
Айта кету керек, жерлестер концертінің сценарийін жазып, дайындап өткізуге «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Жылыой ауданы филиалының төрағасы Гүлайым Төребекованың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
