Қадірлі ағайын!
Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күтетін, ел бірлігін, адамзат арасындағы бауырмалдық пен қайырымдылықты дәріптейтін қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Құрбан айт – адам мен қоғамды рухани тазаруға, ізгілік пен мейірімге бастайтын ерекше күн.
Бұл – жүректерге жылулық сыйлайтын, жақсылық жасауға үндейтін, бауырмалдықты бекемдейтін, ел мен елді, адам мен адамды жақындататын ұлы мейрам.
Қазақ халқы үшін бұл күн – жай ғана діни мереке емес, ата-бабалар аманат еткен имандылық пен игілікке негізделген өмір салтының көрінісі. Құрбан айтта кең дастарқан жайылып, алыс-жақын ағайынға сәлем беріліп, мұқтаждың қажетін өтеу – сонау ықылым заманнан келе жатқан асыл дәстүріміз.
Бұл – қайырым мен қамқорлықтың, сауап пен сыйластықтың күні.
Еліміздің өсіп-өркендеу жолында маңдай терін төгіп жүрген Еңбек адамдарының орны қашанда ерекше. Елдігіміздің тұғыры – бірлік пен ынтымақ десек, сол тұғырдың берік болуына қажыр-қайратымен үлес қосып келе жатқан әрбір жұмысшы, әрбір маман – шын мәнінде, мемлекеттің алтын діңгегі.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Еңбек адамын қорғауды, оның құқықтары мен әл-ауқатын арттыруды басты мұрат етіп келеді.
Айт мейрамы берекелі істерге, таусылмас ырыс-дәулетке, қазақстандықтардың ынтымақ-бірлігін одан әрі нығайта түсуге бастасын. Сіздерге және отбасыларыңызға бақ-береке, толағай табыс, елімізге татулық пен тыныштық тілеймін!
Айт қабыл болсын, ағайын!
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының
төрағасы С.Дәулеталин
