Кәсіподақтар өңірлік даму мәселелерін талқылады

Бүгін «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға салалық кәсіподақтар филиалдарының, жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты.

Жиынды ашқан Бердіғали Өмірәлі қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, отырыстың басты мақсаты – еңбек саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылап, алдағы жұмыстарды үйлестіру екенін атап өтті.

Алғашқы мәселе бойынша Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына орай ұйымдастырылатын ақпараттық, мәдени және тәрбиелік бағыттағы іс-шараларды сапалы әрі тиімді өткізу жолдары талқыланды. Қатысушылар тарапынан нақты ұсыныстар мен іс-шаралар жоспарын жетілдіру бағытында ойлар айтылды.

Келесі кезекте еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері қаралды. Бұл бағытта төраға мекемелер мен кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, кәсіподақтардың басты міндеттерінің бірі – қауіпсіз еңбек ортасын қамтамасыз ету екенін еске салды.

Сондай-ақ, Бердіғали Өмірәлі алдағы уақытта Түркістан облысының әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысында қаралатын мәселелерді пысықтауды және нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Отырыс соңында қатысушылар басқа да өзекті мәселелерді ортаға салып, пікір алмасып, кәсіподақтардың жұмысын жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныстарын білдірді.