11 мамырда «Алматы қаласының Кәсіподақ орталығы» АКБ және «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталмыш келісім даулар мен шиеленісушіліктерді бейбіт түрде шешуге қоғамдық сананы жаңғырту идеясын жүзеге асыру, сондай-ақ, қоғамдағы шиеленісушілікті бәсеңдету мақсатында әзірленген.
Меморандум Алматы қаласының Кәсіподақ орталығы мен Халықаралық құқық қорғау орталығы арасындағы медиация және келісу үрдістері арқылы дауларды шешудің басқа да әдістерін дамыту мақсатында өзара тиімді ынтымақтастықты көрсетеді. Меморандум аясында Тараптар біріккен семинарлар мен конференциялар өткізуді, сондай-ақ, азаматтық құқық саласына медиацияны қолдану мүмкіндіктері туралы құқықтық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Халықаралық құқық қорғау орталығы 1997 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 9 ұлттық-мәдени орталықтарының бастамасымен құрылған. Орталық қызметінің негізгі бағыттары:
- демократиялық үрдістерді дамытуға, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті құруға, Қазақстанда медиация институтын енгізу және дамытуға жәрдемдесу;
- заңдық, психологиялық және медиативті көмек көрсету;
- кәсіби медиаторларды оқыту, олардың реестрін жүргізу;
- адам құқықтарын қорғау, қоғамдағы дау деңгейін азайту және медиацияны дамыту, адам құқықтарының сақталуы бойынша мониторинг жүргізу және талдау мәселелері бойынша жобалар мен бағдарламалар әзірлеу.