16 тамызда Шығыс Қазақстан облысында «Алакөл» курорттық аймағында республикалық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының «Алакөл-2018» кәсіподақ жазғы лагері» форумы ашылды.
Ағымдағы жылы ҚРКФ бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен өзара байланысқа бағытталған бірқатар ірі ұйымдастырушылық-тәжірибелік іс-шаралар өткізді. «Алакөл-2018» кәсіподақтардың жазғы лагері Федерацияның кәсіподақ жүйесі үшін осы жаздың басты оқиғаларының бірі болды.
Жазғы лагерьде кәсіподақ қозғалысының 100-ден астам белсендісі арнайы оқудан өтті. Олардың ішінде, жаңадан құрылған «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының, білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының, мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының мүшелері болды.
Жазғы лагерь аясында ҚРКФ Төрағасының орынбасары Ерлан Сайыров, «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподақ төрағасы Сапарбек Дүйсенов, Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Мейрхан Түлеубаев қатысушылар алдында сөз сөйледі.
Ерлан Сайыров өз сөзінде ҚРКФ Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдарының жұмыс сапасын жан-жақты дамытуды және жақсартуды көздейтінін жеткізді. «Кәсіподақтар қызметкерлері белсенді және жан-жақты білікті мамандар болуы тиіс. Белсенді ақпараттық жұмыс – кәсіподақтар қызметінің маңызды бөлігі. Шынында ол – маңыздылығы жағынан кәсіподақ жұмысының дәстүрлі бағыттарына тең келетін, жарғылық міндеттерді шешудің ажырамайтын бөлігі. Ақпараттық жұмыс кәсіподақ мүшесіне кәсіподаққа мүшелікке саналы көзқарасқа ие болуы үшін қажетті толыққанды мәлімет беруі тиіс» – деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары.
Атқарушы билік өкілдерінен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов сөз сөйледі.
Әсем Нүсіпова атап өткендей: «Кәсіподақтар әлеуметтік-еңбек қатынастарын шешудің маңызды буыны болып табылады. Жұмысшылардың әл-ауқаты мен әлеуеті, олардың әлеуметтік кепілі мен құқығының қорғалуы тек кәсіподақтардың белсенділігіне байланысты».
Қолданбалы ғылым секторының өкілдері қатысушылармен өз тәжірибелерімен бөлісті: PhD доктор, ҚАЗГЗУ доценті, Academy of labour relations ЖШС Бас директоры Бибігүл Нұрашева және т.б.
«Алакөл-2018» жазғы лагері аясында тақырыптық тренингтер өтті, тимбилдинг және т.б. шаралар ұйымдастырылды.
2018 жылдың басынан Кәсіподақтар федерациясы бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен өзара байланысқа және жұмыс жүргізуге баса назар аударуда. Себебі, кәсіподақтар қозғалысының және жұмыс топтарының мәселелері мен сұраныстарының барлық спектрі бастауыш кәсіподақ ұйымдарында шоғырланған.
Осы жылдың өткен кезеңінде ҚРКФ басшылығы Федерация қызметінің жаңа саясаты мен Жол картасының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында еліміздің барлық аумақтарына жұмыс сапарымен барды. 2018 жылғы қаңтар-шілде айларының аралығында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен 139 кездесу өтті, соның ішінде ҚРКФ басшылығы 24 кездесу, АКБ 115 кездесу өткізді.