16-17 қазанда Брюссель қаласында еңбек мәселелері жөніндегі 11-ші Азия-Еуропа Форумы өтуде.
Форум жұмысына Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы / Азия-Тынық мұхиты аймағы (ХКК-АП) Шойя Йошида, Азиядағы ФЕС аймақтық әріптестік бюросының директоры Адриенн Вольтерсдорф, ETUC Бас хатшысының арнайы кеңесшісі Юзеф Ниемец және басқа да өкілдер қатысуда.
Жұмыс аясында екі құрлықтағы жұмыспен қамтуға және еңбекке қатысты жаһандық мәселелер қарастырылды: Азияда және шекаралас аймақтарда күнкөріс минимумына қолжеткізу, жаһандық жеткізілімдер тізбегіндегі лайықты еңбекақы, жаһандық үрдістердің еңбеккерлердің жұмыс өнімділігі мен әл-ауқатына ықпалы, сандық жүйенің еңбек нарығының өзгеруіне әсері және тағы да көптеген мәселелер талқыланды.
Қазақстан атынан еңбек мәселелері жөніндегі 11-ші Азия-Еуропа Форумының жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым және ҚРКФ Халықаралық әріптестік секторының кеңесшісі Алмат Исенов қатысты.
Форумда Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының (ETUC) бас хатшысы Лука Висентини, Hind Mazdoor Sabha (HMS, Үндістан) бас хатшысы Харбхаджан Сингх, Болгарияның Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы атынан Пламен Димитров, Пәкістан Жұмысшылар федерациясының президенті Мухаммед Аджаб Хан, Үндістан Ұлттық кәсіподақтар конфедерациясының ұлттық хатшысы Чандра Пракаш Сингх, Камбоджа өкілі Сеньгак-Пен және тағы да басқа өкілдер өз баяндамаларын оқыды.
Халықаралық форумға қатысушылар қазақстандық кәсіподақтардың қызметімен танысты, Қазақстанның еңбек нарығындағы соңғы трендтер және еңбеккерлерді қорғау шаралары туралы ақпарат алды.
Осы форум «Жаһандық сын-қатерлермен күресуде жаһандық әріптестер» атты 12-ші АСЕМ саммиті аясында өткізілді. АСЕМ – Азия-Еуропа форумы және заманауи жаһандық мәселелерді талқылау және шешу жолындағы Еуропа мен Азия арасындағы диалог пен әріптестікке арналған ерекше платформа.
Еуропа мен Азияның 53-тен астам серіктестерін біріктіріп отырған АСЕМ дүниежүзілік ЖІӨ 65% және әлемдік қауымдастықтың 55% қамтиды. 20 жылдан астам уақыт аясында АСЕМ алаңы Еуропа мен Азия арасындағы кешенді әріптестік болып табылады.