Жиырма жеті жыл бұрын біздің еліміз өзінің дербес қазақстандық даму жолын бастады.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда мемлекеттікті дамыту және нығайтудың берік іргетасын қалаған ірі көлемдегі өзгерістер орын алды, динамикалық экономикалық өсімге негізделген әлеуметтік дамудың тиімді үлгісі әзірленді.
Ел Президентінің бағдарламалық құжаттарында алдағы ондаған жылға Қазақстанның даму бағыт-бағдары көрсетілген.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы тәуелсіз республикамыздың дамуы және нығаюы жолында жаңа бағдар болды. Жолдау экономиканы жаңғырту және адам капиталын нығайту бойынша нақты қадамдарды қарастырады.
Жаңа стратегиялық құжат Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруының негізін қалайды, Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясына айрықша мән береді.
Мемлекеттің қалыптасуына еліміздің кәсіподақ қозғалысы да ерекше үлес қосуда. Тәуелсіз Қазақстанның кәсіподақтарының тарихында маңызды кезең 1993 жылы кәсіподақтарды дербес қоғамдық бірлестіктерге өзгертуді қарастыратын «Кәсіптік одақтар туралы» Заңның қабылдануы болды. 2014 жылы қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы» Заң кәсіподақтарға жұмыс берушілер мен мемлекет арасында толыққанды диалог құру үшін кең ауқымды мүмкіндіктерге жол ашты.
Бүгінде Қазақстанның кәсіподақ қозғалысы жасампаздық кезеңіне аяқ басуда.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы ұранымен өткен ағымдағы жыл кәсіподақтар үшін бірқатар маңызды оқиғалармен және жетістіктермен есте қалды.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерінде қоғамдық сананы өзгерту мақсатында Федерация барлық өңірлерде «Қауіпсіз еңбек» жергілікті бағдарламасын әзірледі және жүзеге асырды, «Еңбекті қорғаудағы алдын-алу мәдениетін бірлесіп арттырамыз» алдын-алу акциясы өткізілді.
Алғаш рет «Қазақстан Республикасы Кәсіподақ федерациясының еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық байқауы өткізілді.
Адам өмірі мен денсаулығынан асқан жоғары құндылық жоқ екендігін түсіне отырып, біз өнеркәсіптерде «нөлдік жарақаттанушылық» мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеміз.
Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестерді 2019 жылы Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен (МАСО) өткізілетін Vision Zero («Нөлдік жарақаттанушылық») қозғалысына қатысуға шақырады.
Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен еліміздің кәсіподақтары Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарын ескере отырып, кәсіподақтарды жаңғыртуға бағытталған заң жобасын әзірлеп, еңбек жөніндегі өкілетті мемлекеттік органға жіберді. Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясы Еңбек кодексіне өнеркәсіптерде еңбекті қорғауды басқару жүйесіне тараптардың жауапкершілігін арттыруды қарастыратын заңнамалық бастамаларға бастамашылық етуде.
Әлеуметтік әріптестік аясында ағымдағы жылдың басында елімізде еңбек дауларының алдын-алу және реттеу бойынша біріккен іс-шаралар жоспары жүзеге асырылды. Осының арқасында бірқатар еңбек ұжымдарындағы ірі дауларды жұмысшылардың пайдасына шешу мүмкін болды.
Кәсіподақтар федерациясы еліміздің Жоғарғы сотымен бірлесе барлық өңірлерде «Татуласу орталықтарын» құрды, аталмыш орталықтарда медиация құралдары, соның ішінде жеке еңбек дауларын сотқа дейін шешу құралдары белсенді түрде қолданылуда.
Ағымдағы жылы өткізілген Кәсіподақтар федерациясының XXV съезі әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында жаңғыруға бағытталған өзіндік дамудың жаңа бағдарын белгіледі, жаңа Жарғыда ұрпақтар сабақтастығы мен Кәсіподақтар федерациясының қызметінің ашықтығына қатысты маңызды қағидалар бекітілді.
Кәсіподақтардың күн тәртібінде еңбек жастарын қолдау сынды бірқатар мәселелі сауалдар мен Еңбек адамының үмітінің барлық спектрін шоғырландыратын бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен жұмысты нығайтуға қатысты көптеген мәселелер тұр.
Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 30 мемлекет қатарына енуі жолындағы ірі стратегиялық мақсаттар аясында еңбек саласының мәселесі ерекше мәнге ие.
Еліміз үшін де, барлық дүние жүзі үшін де алдағы 2019 жылы ең беделді жаһандық ұйым ХЕҰ-ның жүзжылдығы айтулы оқиға болады.
Осындай тарихи оқиғаның аясында дүние жүзі бойынша еңбек саласының болашағына қатысты мәселелер жөнінде Жаһандық комиссияның мәлімдемесі көрсетіледі.
Заманауи әлем төртінші экономикалық жаңғыруға аяқ басуда, бізге жетілу және кез-келген өзгерістерге лезде әрекет ете білу қажет.
Осындай айтулы күні Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ қозғалысының барлық қатысушыларын «Тұрақты кәсіпорын – тұрақты қоғам – тұрақты ел!» бас қағидасы аясында бірігуге шақырады.
Бірлік пен ынтымақтастық – мемлекет пен әр қазақстандықтың табысты экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының сенімді кепілі.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитеті
14 желтоқсан 2018 жыл