ҚР Кәсіподақтар федерациясы ҚР Үкіметіне бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын есептеу көрсеткішін қайта қарау туралы ұсыныс жасады.
2019 жылғы 27 ақпанда өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақстандықтарды әлеуметтік-экономикалық қамтамасыз ету мәселелерінде маңызды рөлге ие бірқатар міндеттерді атап өтті.
Еңбекақы мен әлеуметтік кепілдемелер жұмысшыға экономикалық тәуелсіздік, жанұясын асырау, демалыс ұйымдастыру, мәдени және рухани дамуды қамтамасыз ететін, өзінің кәсіби және шығармашылық әлеуетін арттыруға және жүзеге асыруға мүмкіндік беретін лайықты еңбектің түйінді элементтері болып табылады.
Мемлекеттің ұстанған саясатының арқасында соңғы жылдары елімізде бюджет саласын дамытуға арналған реформалар орын алуда.
Дегенмен де, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы республика бойынша орташа айлық еңбекақы деңгейінен төмен.
Бүгінде білім, мәдениет және спорт саласы ұйымдарында, ұйымдастырушылық-құқықтық формада құрылған мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындарда қызметкерлерге еңбекақы есептеу тәртібі ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы және бюджет саласының салалық кәсіподақтары 2008 жылдан бері базалық лауазымдық қызметақыны ең төменгі жалақыға немесе ең төменгі күнкөріс деңгейіне өзгерту қажеттігі туралы мәселені бірқатар көтерген болатын. 2010-2011 жылдар ішінде көптеген келіссөздер өткізілді. Нәтижесінде БЛҚ мөлшері 13 613 теңгеден 17 697 теңгеге артты.
Дегенмен де, 7 жыл ішінде, 2011 жылдан бері оның деңгейі өзгермеді және төмен болып қалуда, бүгінде ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60%-ды құрайды.
Тауарлар мен қызметтер құнының өсімі, құнсыздану деңгейі еңбекақының тұтынушылық қабілетін төмендетеді.
Бюджеттіктердің еңбекақысын, халықтың экономикалық белсенділігінің өсімін арттыру, жұмыссыздық деңгейін азайту, сонымен қатар әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы ҚР Үкіметіне бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын есептеу көрсеткішін қайта қарау туралы ұсыныс жасады. Бұл, өз кезегінде, азаматтық қызметкерлер еңбегінің лайықты төленуін қамтамасыз етеді.