Ағымдағы жылғы 19 қыркүйекте Шымкент қаласында «Қазақстандық салалық энергетиктер кәсіподағы» ҚБ-ның VII алқалы жиналысы өтті. Аталмыш шараға ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев қатысты.
Қазақстанның энергетика саласы ел экономикасының көш ілгері салаларының бірі болып табылады. Осы орайда бұл салада қызмет ететін еңбеккерлердің әлеуметтік әл-ахуалының жоғары болуы, еңбек құқықтары мен заңды мүдделерінің толыққанды қорғалуы өте маңызды.
Бүгінде Қазақстандық салалық энергетиктер кәсіподағы бұл бағытта бірқатар елеулі қадамдар жасауда. 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салалық кәсіподақ республикамыздың 98 энергетика кәсіпорындарында жұмыс істейтін 37 664 кәсіподақ мүшесін біріктірді. Құрамында 17 мүше ұйымы және 21 филиалы бар.
«Қазақстандық салалық энергетиктер кәсіподағы» ҚБ-ның Төрағасы Оразбек Телібайұлы Бекбас өз баяндамасында салалық кәсіподақтың өткен жылғы жұмысының қорытындысын келтіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Еңбек дауларының алдын-алу және шешу, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау өткізу және еңбек ұжымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру мәселелерінде кәсіподақтардың жетістіктеріне баса назар аударылды.