23 қарашада Ералы Тоғжанов ҚР Кәсіподақтар федерациясының шипажайлық-курорттық кешендері қатарына кіретін «Сосновый бор» шипажайында болды.
Шипажайда еңбеккерлердің денсаулығын нығайту мен қалпына келтіруге барлық жағдайлар жасалған.
Бүгінгі күні шипажайда Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы кәсіптік одақтар мүшелері емдік-сауықтыру шараларын қабылдауда.
Шипажай ұжымы мен демалушылармен кездескен ҚРКФ төрағасы кәсіподақ мүшелерінің денсаулығына қамқорлық көрсету – ҚРКФ шипажайлық-курорттық кешендері қызметкерлерінің күнделікті атқаратын басты міндеттердің бірі екендігін айтып өтті.
«Дені сау, көңіл-күйі жақсы жұмысшы өз кәсіпорнына пайдасын тигізуді қалайды. Ал, бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына әсер етеді. Біз өз тарапымыздан әр саладағы кәсіпорын қызметкерлеріне көрсетілетін медициналық қызметтерді жетілдіру үшін жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Шипажайдың еңбек ұжымы, яғни 300-ден аса адам – кәсіптік одақтардың мүшелері. Олардың көп бөлігі «Сосновый бор» шипажайы орналасқан Щербаковка ауылында тұрады.
Анықтама үшін: ҚРКФ Шипажайлық-курорттық кешендері республика бойынша 8 шипажайдан тұрады: «Көктем» шипажайы – Алматы қаласы, «Жаңақорған» – Қызылорда облысы, «Мойылды» – Павлодар облысы, «Меркі» – Жамбыл облысы, «Манкент» – Түркістан облысы, «Сосновый бор» – Қостанай облысы, «Ақжайық» – Батыс Қазақстан облысы, «Алакөл» – Шығыс Қазақстан облысы. Жыл сайын шипажайларда әртүрлі кәсіпорындардан 10 мыңнан аса жұмысшы демалады.
Осы күні ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен өткізілетін бірқатар шараларға қатысады. Яғни, өңір халқымен кездеседі, әлеуметтік-еңбек қатынастары және әлеуметтік әріптестікті реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия отырысына, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелер бойынша Қостанай облысының қалалары мен аудандары әкімдерімен кездесуге қатысады.