Еңбек құқығы қатынастарын жаһандастыру кезеңінде жетекші мемлекеттер Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) қабылдаған конвенцияларды бекіту арқылы еңбеккерлердің құқықтары мен бостандығын орнықтыру үрдістеріне белсенді қатысады.
Бүгінгі таңда Қазақстан ХЕҰ-ның 189 конвенциясының 24 конвенциясын, соның ішінде 8 негізгі конвенцияны бекітті. Салыстыру мақсатында қарастырып көрсек, ТМД елдерінде ХЕҰ конвенцияларын енгізу көрсеткіші келесідей: Ресей – 75, Украина – 71, Қырғызстан – 53, Тәжікстан – 50, Беларусь – 49, Армения – 29.
ҚР және ХЕҰ арасындағы тиімді ынтымақтастықтың дәлелі – Қазақстанның ұлттық заңнаманы еңбек саласындағы халықаралық нормаларға сәйкестендіруі және еліміздің осы халықаралық ұйымдағы ұстанымының нығаюы.
Қазақстанда күшті мемлекет, дамыған экономика негізінде берекелі қоғамды қалыптастыруға. Қазақстанның әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіруіне бағытталған бірқатар стратегиялық құжаттар қабылданғаны белгілі. Сонымен қатар, бұл Төртінші өнеркәсіптік революцияның талаптарына және оның еңбек нарығындағы ықпалына тікелей байланысты.
Еңбеккерлердің нақты құқықтары мен мүдделерін қозғайтын ХЕҰ конвенцияларымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бес халықаралық еңбек нормаларына бірігуді ұсынады:
№1. 102 «Әлеуметтік қамтамасыз етудің минимал нормалары туралы» конвенция.
1952 жылғы әлеуметтік қамтамасыз етудің минимал талаптары туралы конвенцияда (№ 102) тұңғыш рет әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесімен қамтылуы тиіс күнделікті қауіптердің он түрі жүйелі түрде көрсетілген. Яғни, медициналық қамсыздандыру, ауру, жұмыссыздық, кәрілік бойынша қамтамасыз ету, өндірісте жазатайым жағдайға және кәсіби ауруларға байланысты, отбасылық қамтамасыз ету, бала туу себепті қамсыздандыру, мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылып қалған жағдай кіреді.
№102 конвенция – қағидалар және белгілер жиынын негізге алатын өзекті халықаралық құжат. Ұлттық әлеуметтік қамтамасыз етудің кешенді жүйелері осы қағидалар мен белгілер негізінде құрылуы, қызмет етуі және дамуы тиіс.
№2. 131 «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенция.
№131 конвенцияда ең төменгі жалақы бір жағынан жұмысшылардың, сондай-ақ, олардың жанұяларының мүддесі, ал екінші жағынан экономикалық даму мүддесі ескеріле отырып, белгіленуі тиіс екендігі көрсетілген. Дегенмен де, еңбеккерлердің негізгі өмірлік қажеттіліктерінің ең төменгі деңгейін көрсету белгілерін анықтау мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әл-ақуалына байланысты болады.
Халықаралық құқықтық актілер лайықты өмір сүру деңгейін сақтау үшін қажетті өмірлік маңызды қажеттіліктерді тікелей атап көрсетпейді. Халықаралық еңбек ұйымының актілерінен айырмашылығы соңғының тізбегі БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған 1948 жылғы Жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясынан тұрады.
16.12.1966 жылғы «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы» халықаралық пакт әркімнің өзі және жанұясы үшін лайықты өмір сүру деңгейіне, яғни, жеткілікті тамақтану, киім және тұрғын үйге ие болу, мен өмір сүру шарттарын үздіксіз жақсартуға құқығын бекітеді.
№3. 154 «Ұжымдық келіссөздердің жәрдемдесуі туралы» конвенция
Конвенция талаптары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (әрі қарай – Кодекс) нормаларына сәйкес келеді. Бұл, өз кезегінде, әлеуметтік серіктестік тараптарына ұжымдық келіссөздер өткізу барысында Кодекс нормаларын пайдалануға мүмкіндік береді.
Кодекстің «Еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік» 13-тарауында әлеуметтік әріптестік тараптарының өзара қарым-қатынас қағидалары, әлеуметтік әріптестік деңгейлері, оның түрлері мен тараптардың жауапкершілігі кіретін әлеуметтік әріптестікті дамыту бойынша негізгі түсініктер мен іс-шаралар кешені анықталған.
Сонымен қатар, Кодекс әлеуметтік әріптестік тараптары жұмысшылар мен жұмыс берушілер атынан белгіленген тәртіпте өкілетті өкілдер болып табылады. Кодекс ұжымдық келіссөздерді өткізу тәртібін де қарастырады.
Қазақстан Республикасы заңнамасының Конвенция ережелеріне сәйкестігін талдау көрсеткендей, ұжымдық келіссөздерді өткізу саласында қазақстандық заңнамада Конвенцияның ережелері мен талаптары толыққанды жүзеге асырылады.
№4. 175 «Толық емес жұмыс уақыты шарттарында жұмыс істеу туралы» конвенция
Аталмыш конвенция жұмыспен қамту саласындағы саясат жұмыспен қамтудың қосымша мүмкіндіктерін құруда толық емес жұмыс уақыты шарттарында жұмыс істеу рөлін және жұмыспен қамту, еңбек шарттары және әлеуметтік қамтамасыз ету секілді салаларда жұмыс уақыты толық емес еңбеккерлердің қорғанысын қамтамасыз ету қажеттілігін ескеру үшін қабылданған.
Толық емес жұмыс уақыты ҚР Еңбек кодексінің 70-бабында қарастырлған. Осы бапқа сәйкес толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу жұмыскер үшін осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын, еңбек өтілін есептеуде және еңбек саласындағы басқа да құқықтарын шектеуге әкеп соқтырмайды.
Қарастырылып жатқан конвенция 19 баптан тұрады және жұмыс уақыты толық емес еңбеккер үшін ұжымдық келіссөз жүргізу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасы, жыл сайынғы ақылы демалыс немесе төленетін мерекелік күндерге және т.б. құқықтарын қарастырады.
Осы конвенцияны бекіту жұмыс уақыты толық емес азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету және қорғаудың тиімді механизмін құруға жәрдемдеседі.
№5. 184 «Ауыл шаруашылығында еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы туралы» конвенция
Конвенция оны бекітетін мемлекет өндірістік жарақаттанушылық, кәсіби аурулар мен ауыл шаруашылығында адмдардың қазасы жағдайларының алдын-алу мақсатында еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасын тұрақты жетілдіруге жәрдемдесу үшін қарастырылған.
Қауіпсіздік және еңбек гигиенасы:
- Нормативтік құқықтық актілер, ұжымдық келіссөздер және басқа да еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасына тиісті актілерден;
- Еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы мәселелеріне жауап беретін орган немесе мекеме қызметінен;
- Инспекция жүйесін қосқанда, ұлттық заңнамалық және нормативтік құқықтық актілердің сақталуын қамтамасыз етуге арналған механизмдерден;
- Өндірісте алдын-алу шараларының негізгі элементі ретінде кәсіпорын басшысы, жұмысшылар және олардың өкілдері арасында кәсіпорын деңгейінде әріптестікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралардан тұрады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының пікірі бойынша жоғарыда қарастырылған ХЕҰ кеонвенциялары Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік заңнамасының жетілуіне, құқықтық қорғау мен барлық санаттағы жұмысшылар кепілдемелерінің артуына жәрдемдеседі.