Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтырғы жылды қорытып, биылғы жылғы міндеттерін айқындады.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжановтың төрағалығымен өткен алқа отырысына ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Кәсіптік одақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин, жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар мен бизнес құрылымдарының басшылары қатысты.
ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин еңбек саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, оны жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Оның айтуынша Қазақстанда жалақы төлеуді қалыптастырудың қазіргі моделін реформалауды қажет етеді.
Біздің елде кейбір жұмысшылар әлі күнге еңбекақыны конвертпен алады, еңбекақы уақытылы төленбейді және еңбекті қорғау талаптары барлық жерде сақтала бермейді. Осының салдарынан өндірістік жарақат пен кәсіби аурулар деңгейі көбейіп отыр.
Өзекті мәселелер қатарында экономика саласындағы еңбекақыны төлеу жүйесін қалыптастыру бар.
«Қазіргі жалақы төлеуді қалыптастыру моделі жұмыс берушіге лайықталған, жұмысшыларға уақытылы жалақысын төлемей, өз жекеменшік капиталын жеңіл жолмен көбейтуге жағдай жасап отыр. Бұл модель кәсіпорын иесіне кәсіпорынға инновацияларды енгізу мен жаңғыртуға емес, керісінше жұмысшыларға берешектен түскен пайданы өз жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Ол Еңбек кодексіне жұмысшылардың жалақысын жүйелі индекстеуді, сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік төлемдерді қарастыратын нормаларды енгізуді ұсынды.
Осы ретте Халықаралық Еңбек Ұйымы (ХЕҰ) №102 «Әлеуметтік қамтамасыз етудің минимал нормалары туралы», №131 «Минимал жалақыны белгілеу туралы», № 154 «Ұжымдық келіссөздерге жәрдемдесу туралы» конвенцияларды ратификациялаудың маңыздылығын атап өтті.
Жалақыны индекстеуге қатысты жаңа тәсілдер мен шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін Кәсіподақтар федерациясы министрлік жанында жұмыс комиссиясын құруды ұсынды.
ЕХӘҚМ министрі Біржан Нұрымбетов Кәсіподақтар федерациясының Қазақстанда жалақыны индекстеуді заңмен бекіту туралы ұсынысын қолдады. Бұл туралы ол ведомстваның алқа отырысынан кейін мәлімдеді.
«Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін индекстеу мәселесінің еңбек заңнамаларында тікелей көрсетілмеуінің себебі жұмыс берушілер бірлестіктерінің келіспеушілігі болатын. Біз 2016 жылы индекстеу мәселесі үшжақты салалық келісімдерде көрініс табуы тиіс міндетті мәселе болуына қол жеткіздік. Сондықтан да, кәсіподақтардың бұл мәселені көтергені дұрыс. Бүгінде біз кәсіподақ ұйымдарымен арнайы жұмыс тобы құрылатыны туралы келісімге келдік. Бұл жұмыс тобы осы мәселені жан-жақты қарастыратын болады», – деп атап өтті министрлік басшысы.
Бүгінде өндірістік жарақаттанушылық мәселесі кәсіподақтарды алаңдатып отыр.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, бұл үшін кәсіби қауіптерді басқарудың өтемдік моделіне көшу қажет.
«Жұмыс беруші заң алдында жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілік алып, жұмысшыларды еңбекті қорғау жүйесін басқаруға белсенді қатыстыра отырып, жұмыс орындарында жарақаттанушылықтың алдын-алуға міндетті», – деді ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.
Кәсіподақтар үшін әлеуметтік-еңбек дауларын шешу басым бағыттардың бірі болып табылады. Сатыбалды Дәулеталин 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда республика бойынша бекітілген ұжымдық шарттар саны 29,7% (92 645-тен 120200-ға дейін), 2017 жылмен салыстырғанда – 54,6% (2017 ж. –77 750) артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жергілікті жерлердегі кәсіподақтар белсенділігінің арқасында мүмкін болды.
ҚР Еңбек және халықты қорғау министрі қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бақылауды қамтамасыз етудегі жаңа тәсілдерді атап өтті.
Осылайша 2019 жылы 9,5 мың жұмыс берушіні тексеру нәтижесінде 11,3 мың заң бұзушылық анықталды. 41 мыңнан астам жұмысшылардың құқығы қорғалып, 5,4 млрд теңге көлемінде жалақы берешегі төленді.
Қазақстанда 2019-2023 жылдарға арналған Өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. 2019 жылғы 17 маусымда Женевада министрлік Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету туралы меморандум жасалған. Нәтижесінде жазатайым оқиғалар саны 8,8%-ға төмендеді. Зардап шеккендер саны 1 430 адам болса, оның ішінде 180 адам қаза тапқан.
2020 жылғы 1 қаңтарда ұжымдық шарттармен ірі және орта кәсіпорындардың 96,5%-ы және шағын кәсіпорындардың 42,7%-ы қамтылған.
Сондай-ақ, ХЕҰ конвенцияларына сәйкес кәсіпорындарды тексеруді кедергісіз жүзеге асыру, еңбек инспекторларының штат санын ұлғайту бөлігінде мемлекеттік еңбек инспекторларының мәртебесін қайта қарау жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Ведомства басшысы 2020 жылға шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға қысқарғаны туралы мәлімдеді.
Сондай-ақ, ол кәсіподақтардың қызметін жетілдіру, еңбекті қорғауды басқару жөніндегі жаңа тәсілдерді енгізу жөніндегі мәселелердің үлкен ауқымын қамтитын еңбек жөніндегі заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында екендігін жеткізді.
Отырысты қорытындылаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелерін шешуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Олардың қатарында Халықаралық Еңбек ұйымының конвенцияларын ратификациялау да бар.
Сонымен қатар, Еңбек министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен және Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, 1 айдың ішінде мүгедектерді жұмыспен қамту бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Ералы Тоғжанов атап өткендей, 5 жыл ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар саны едәуір өскен.
Ол 2019 жылы кәсіподақтардың бастамасымен жүзеге асырыла бастаған «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытындағы «халықтық бақылау» жобасын мысалға келтірді. Осы өндіріс орнында мүгедектікке ұшыраған 16 қызметкер бүгінде бейнебақылау операторлары («халықтық бақылаушылар») болып жұмыс істейді. «Халықтық бақылаушылар» қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталуын бейнебақылау камералары арқылы қадағалайды.
Осы ретте ЕХӘҚМ-не әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы инвентаризациялауды тапсырды.
Бірыңғай әлеуметтік саясатты жүзеге асыру және мемлекет кепіл беретін барлық әлеуметтік міндеттердің сақталуы негізгі басымдық болуы тиіс.
«Кірістердің нақты өсіміне арналған шаралар кешенінде бірлескен іс-шараларды қамтамасыз ету маңызды. Жұмыспен қамту жол картасы жүзеге асырылды. «Еңбек» бағдарламасы жұмыс істейді. Дегенмен, бұл жерде де өзіндік мәселелер бар. Бұл бағдарламалардың жүзеге асырылу барысында нақты тиімділігін бағалау қажет. Пікірлер көп болғанын білемін. Бұл – өте күрделі мәселе. Еңбек министрлігіне еңбек нарығына және жұмыспен қамтуды жүзеге асыру механизмінің тиімділігіне кешенді талдау өткізу үшін бір ай жетеді деп ойлаймын», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Аз қамтылған азматттарды әлеуметтік қолдау мәселесіне қатысты жеке бірқатар тапсырмалар берілді.
Вице-премьер ЕХӘҚМ-ге өңірлермен бірлесіп, әлеуметтік ID-карталарды пилоттық тестілеуді аяқтауды және осы жылдың аяғына дейін республика бойынша іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды.
” Қазір 6 өңірде әлеуметтік ID-карталарды пилоттық түрде енгізу жүзеге асырылуда. Қарағанды облысында, Павлодар және Нұр-Сұлтанда жұмыстар жақсы атқарылуда. Оған мектептердегі тамақтану, қоғамдық көлікте жүру, АӘК алу, қажет болған жағдайда тегін дәрі-дәрмектер де кіреді. Меніңше, егер жоба қыркүйектен бастап іске қосылса, бүгінгі нәтижелер белсенді жұмысты қажет етеді. Осы бағытта жұмысты күшейту қажет. Мен барлық аймақтардан іске кірісуді сұраймын. Министрліктен бақылауға алуды сұраймын”, – деді Тоғжанов.
Алқа отырысының соңында Премьер-министрдің орынбасары әлеуметтік әріптестіктегі негізгі басымдық бірыңғай әлеуметтік саясатты жүзеге асыру және мемлекет кепілдік беретін барлық әлеуметтік міндеттердің сақталуы керек екендігін ескертті.
ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының баспасөз қызметі