Бүгін елордада ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселелер әлеуметтік шиеленістің алдын-алу және әлеуметтік-еңбек дауларын шешу жөніндегі кешенді жоспарын, өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасын, Қазақстан Республикасының Үкіметі, республикалық кәсіподақ бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісімді жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар және 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісім жобасын әзірлеу болды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, еңбек тәуекелдері картасы аясында биылғы жылдың қыркүйек айында 285 жұмыскері бар 1,8 мың проблемалық кәсіпорынға мониторинг жасалған. Әлеуметтік шиеленістің алдын-алу және әлеуметтік-еңбек дауларын шешу жөніндегі кешенді жоспардың негізінде еңбек жанжалдарының саны екі есеге қысқарған (2019 – 9 жанжал, 2020 – 4 жанжал).
«Еңбек жанжалдарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі –ұжымдық шарт. 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша республикада 137 825 ұжымдық шарт жасалды, жалпы қамту 96%. Жұмыс істеп тұрған 267 384 кәсіпорынның 129 041 кәсіпорны ұжымдық шарт жасасты, қамту 44,8%»,-деді министр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, осы жылдың 8 айында Республикада 598 жазатайым оқиға салдарынан 912 адам жарақат алған. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5% -ға жоғары (848 адам). Оның 130-ы қайтыс болды. Бұл 37% жоғары 2019 (95).
Біржан Нұрымбетов биыл 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім мерзімі аяқталатындығын және әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы көрсеткіштердің жақсаруына ықпал еткендігін айта келе, қазір жаңа Бас келісімді әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқандығына тоқталды.
Алайда отырыс барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы аталған келісімдегі кейбір ережелердің декларативті болуы жоспарланған іс-шараларды толығымен жүзеге асыруға және белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермейтінін атап, Халықаралық Еңбек Ұйымының № 102 «Әлеуметтік қамсыздандырудың минималды стандарттары туралы», № 131 «Ең төменгі жалақыны белгілеу», №184 «Ауыл шаруашылығындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» конвенцияларын ратификациялау бойынша техникалық консультациялар өткізілмеген еске салды.
Еңбек ақысы, жұмыспен қамту, жұмыс орындарының сақталуы, қауіпсіз еңбек жағдайлары, әлеуметтік әріптестік мәселелері өзекті күйінде қалуда және егжей-тегжейлі қарау мен жүзеге асыруды талап етеді.
Сатыбалды Дәулеталин Федерацияның кәсіподақтардың республикалық бірлестіктерімен бірге жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуде бірыңғай шоғырландырылған тәсілдер анықталған жаңа Бас келісім тұжырымдамасының жобасын жасағанын жеткізіп, кейбір маңызды тұстарына тоқталып өтті.
Еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру
ҚРКФ басшысы бүгінгі күні кәсіподақтар үшін жалақы мәселелері ерекше маңызды болып қала беретінін айтып, ең төменгі жалақының мөлшерін оны анықтау әдістемесін белгілей отырып ұлғайтуды, жалақыны индекстеуді заңнамамен бекітуді, тұтыну себетінің мөлшері мен құрамын қайта қарауды, бюджеттік сала қызметкерлерінің базалық лауазымдық жалақысын ең төменгі жалақыға ауыстыруды сонымен қатар, осы бағыттағы жағдайды жақсарту үшін Халықаралық еңбек ұйымының «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131, «Әлеуметтік қамсыздандырудың минималды стандарттары туралы» №102 «Ұжымдық келіссөздердің жәрдемдесуі туралы» № 154 конвенцияларын бекітуді ұсынды. Сатыбалды Дәулеталиннің сөзінше, әлеуметтік әріптестер бұл мәселелердің барлығын үш жақты консультациялар арқылы әрі қаржы жүйесіндегі тепе-теңдікті болдырмау үшін жаңа тәсілдерді ескере отырып, кезең-кезеңмен шешуі керек.
Қауіпсіздік және еңбекті қорғау
ҚРКФ төрағасы соңғы үш жылда өндірістік жарақат алудың төмендеуінің белгілі бір тенденциясы байқалғанымен, өндірістегі жазатайым оқиғаларды мүлдем болдырмау мүмкін еместігін атап өтті. Осыған байланысты кәсіподақтар жаңа Бас Келісім жобасында өтемақы моделінен кәсіби тәуекелдерді басқаруға көшуге, жұмыс орындарын аттестациялау үшін кәсіби бағалаушылар институтын құру қажеттілігіне, өндірістік кеңестердің кәсіпорынды (ұйымды) басқаруда өкілеттіктерін кеңейтуге, қоғамдық бақылауды күшейтуге ерекше назар аудармақшы.
Әлеуметтік қорғау
ҚРКФ ұсыныстарының бір бөлігі жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауға қатысты болды. Сатыбалды Дәулеталин атап айтқанда, ауыр жұмыстармен, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығуын қамтамасыз етуді, еңбекке уақытша жарамсыздыққа байланысты еңбекке жарамсыздық парағына ақы төлеу тәртібіне сараланған тәсілді енгізуді яғни жұмыскердің кәсіпорындағы еңбек өтіліне байланысты төлеу, жұмыскердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу үшін регрессивтік төлемдердің мөлшерін кәсіпорындағы орташа жалақының өсуіне пропорционалды түрде ұлғайтуға, сондай-ақ бұл төлемдерді жұмыскер зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін де жалғастыруды ұсынды.
Әлеуметтік әріптестік институтын күшейту
ҚРКФ төрағасы әлеуметтік әріптестік институтын еңбек қатынастары шеңберінен шығару арқылы реформалау және әлеуметтік диалог механизмін жетілдіруге ықпал ететін «Әлеуметтік әріптестік туралы» Заңды қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар, ұжымдық шарттар мен келісімдерді орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді, жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді сараптауға республикалық кәсіподақ бірлестіктерінің қатысуын қамтамасыз етілуі тиіс дегенді айтты.
«Біз тараптардың тең төрағалық ету және көшпелі отырыстарды тікелей кәсіпорындарда өткізу тәжірибелерін енгізе отырып, үш жақты комиссия отырыстарының форматын қайта қарауымыз керек. Сонымен бірге барлық деңгейдегі комиссиялардың өнімді жұмысына қол жеткізу үшін оларды РҮК-да тыңдау тәжірибесін енгізуіміз керек», деді С. Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы бүгінгі күні үшінші тараптың әлеуметтік әріптестікке қатысуы туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр және осыған байланысты біз жұмыс берушілер бірлестіктерінің РҮК-да нақты өкілдерді анықтау үшін құрған ортақ алаңын уақтылы шара дей келе, аймақтарда әкімдердің әлеуметтік әріптестікке жауап беретін орынбасарларының жиі ауысуы туындап отырған проблемалық мәселелер бойынша оңтайлы шешім қабылдауға және үшжақты диалогты толыққанды ұйымдастыруға мүмкіндік бермейтінін жеткізді. Осыған байланысты ҚРКФ төрағасы әлеуметтік әріптестік мәселелерін облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне жүктеуді ұсынды.
Сатыбалды Дәулеталин сөзінің соңында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа ҚРКФ-ның төтенше жағдай мен карантин кезеңдеріндегі медициналық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, әскери дәрігерлерге қосымша төлемдер жасау, ковидтан кейін денсаулықтарын оңалту, жұмыс орындарының сақталуы туралы ұсыныстарын жедел қолдағаныүшін ризашылығын білдірді.
Отырысты қорытындылай келе, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов әлеуметтік әріптестік қатысушыларына бірқатар тапсырма берді.
Атап айтқанда, 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісімді сапалы әзірлеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды, екі апта ішінде өз ұсыныстарын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберуді тапсырды. Ал Еңбек министрлігіне Бас келісімнің келісілген жобасын Үкіметке 1 қарашаға дейін ұсыну міндеттелді.
Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов ұжымдық шарттардың орындалуы ерекше бақылауға алынатынын ескертіп, шенеуніктердің әрқайсында кәсіподақтық сана болуы тиіс дегенді айтты. Әрі әлеуметтік әріптестік қатысушыларға әлеуметтік диалогты күшейтуге, әлеуметтік-еңбек қатынастары бойынша ірі компания басшыларының есебін тыңдауға назар аударуға шақырды.
«РҮК қатысушыларына кәсіподақтармен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырамын», – деп атап өтті вице-премьер.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының баспасөз-қызметі