Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі (ОАЕКК) мүшелерінің бірауыздан қабылданған шешімімен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин осы ұйымның Бас хатшысы болып сайланды. Бұл туралы шешім осы күндері Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан ОАЕКК-нің екінші отырысында қабылданды.
Сондай-ақ, кеңес мүшелері – Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтары көшбасшыларының отырысында ұйымға жаңа мүшелер – Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы мен Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясының жіберген өтініштеріне сәйкес мүшелікке енгізу туралы шешім қабылданды.
Кеңес мүшелеріне арналған сөзінде Халықаралық Еңбек ұйымының Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас Халықаралық Еңбек ұйымының (ХЕҰ) Орталық Азия кәсіподақтарын қолдаудағы басымдықтарын айтты және ұлттық кәсіподақ орталықтары мен жалпы Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің бастамаларын ілгерілету мен дамытуда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін атап өтті.
Өз кезегінде, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі бағдарламалар үйлестірушісі Анна Сальникова әлеуметтік әріптестік жүйесінде аймақтағы кәсіподақтардың рөлін күшейту әлемдегі геосаяси процестерден туындаған экономикалық дағдарыс ықпалының жағымсыз салдарын жеңілдететінін атап өтті.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар Орталық Азия аймағындағы жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен еңбегін қорғау мәселелерін талқылап, кәсіподақтардың қоғамдық бақылау институтын дамыту тәжірибесімен бөлісті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының осы бағыттағы қызметі туралы ҚРКФ аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш айтып өтті.
«2021 жылы қауіпсіз еңбек жағдайларына бақылауды жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Үкіметке және Еңбек министрлігіне еңбекті қорғау жөніндегі техникалық еңбек инспекторларының мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру, мемлекеттік еңбек инспекторларының санын ұлғайту және олардың өкiлеттiктерiн жергiлiктi атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне беру, «мемлекеттiк еңбек инспекторы – еңбектi қорғау жөнiндегi техникалық инспектор» нысаны бойынша бiрлескен тексерулер ұйымдастыру және кәсiптiк аурулар мен улану жағдайларын тергеп-тексеру тәртiбiн белгiлеу бойынша ұсыныстар енгізді. Қоғамдық бақылауды күшейту және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесін арттыру жөніндегі біздің ұсыныстарымыз Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарында және 2030 жылға дейін қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында көрсетілген», – деді Нұрлыбек Жұмаш.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі 11 696 өндірістік кеңес құрылды, оның 9 223-і кәсіподақтардың бастамасымен болса, республикадағы еңбекті қорғаудың жай-күйіне қоғамдық бақылауды 17 994 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жүзеге асырады. Өткен жылдың өзінде еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар 61515 тексеру жүргізіп, оның барысында еңбекті қорғау заңнамасын бұзудың 115481 фактісі анықталып, оның 112941-і жойылды, инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 27528 жұмыс орнын аттестациялауға қатысты.
Өзбекстан мен Тәжікстанның ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері де қауіпсіз жұмыс орындарын қамтамасыз ету бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі мүшелерінің екінші отырысы барысында кәсіподақтық білім беруді дамыту және жаңғырту мен Орталық Азия елдері кәсіподақтарының аймақтық ынтымақтастығын нығайту туралы Декларацияға қол қойылды. Құжатқа сәйкес Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының Біліктілікті арттыру институты Орталық Азия елдерінде кәсіподақ білімін дамытудың базалық оқу орталығы болып белгіленді. Мұнда тұрақты негізде ОАЕКК елдерінің кәсіподақ өкілдері кәсіподақ қызметінде жаңа білім алу және озық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.
Кеңестің екінші отырысының соңында жаңадан сайланған ОАЕКК Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне сенім білдіргені үшін алғысын білдіріп, Орталық Азия аймағында кәсіподақ қозғалысын әрі қарай да жүйелі түрде дамыту үшін бар күш-жігерін салатынын баса айтты.
«Біздің мемлекеттеріміздің халықтарының тарихи тамыры ортақ, бауырластық және тату көршілік қатынастары бар. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі Орталық Азия аймағындағы 15 миллионнан астам жұмыскердің лайықты еңбек стандарттары мен әділ жалақыға қол жеткізу жолындағы ынтымағын нығайтуға және халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етуге ниетті. Біз бірігіп Кеңес мүшелеріне ортақ мақсат – Еңбек адамының мүдделері мен құқықтарын қорғауды көздеп отырмыз. Мен өз тарапымнан Кеңес бастамаларын халықаралық кәсіподақ қозғалысының барлық алаңдарында ілгерілету үшін өз білімім мен тәжірибемді жұмсаймын», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Еске салайық, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі 2021 жылдың қарашасында үш мемлекеттің – Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның ірі кәсіподақ бірлестіктерін біріктіру туралы бірлескен шешімнен кейін құрылған болатын. Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесін құру туралы хаттамаға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Өзбекстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Қудратулла Рафиков, сондай-ақ Тәжікстан тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы төрағасы Маликшо Нематзода қол қойды.
Кеңестің мақсаты – еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек, кәсіптік, экономикалық және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін, кәсіподақтардың құқықтары мен кепілдіктерін қорғау бойынша ОАЕКК мүшелерінің іс-әрекеттерін біріктіру.
ҚРКФ медиаорталығы