ҚРКФ Маңғыстау кәсіпорындарында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін алдын алу шараларын ұсынды

Ағымдағы жылдың 19-20 қаңтарында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов бастаған делегация құрамында Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды. Өңірге сапар барысында әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелері қаралды.

Маңғыстау облысында қабылданған 2022-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес 84 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 4,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. 15 жоба аясында қазірдің өзінде 600-ден астам адам жұмысқа орналастырылды. Биыл 1200 жаңа жұмыс орны ашылады.

Маңғыстау облысы әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев экономика, әлеуметтік және еңбек салаларындағы ахуалға тоқталып, облыс кәсіпорындарындағы еңбек дауларының алдын алу бойынша әлеуметтік әріптестердің бірлескен іс-әрекеттеріне тоқталды.

Ал, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мәліметі бойынша, 2022 жылы елімізде тіркелген 85 еңбек дауының 35-і Маңғыстау облысында болған, еңбек дауларының басым бөлігі кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда орын алған.

Отырыс барысында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, даулардың негізгі «қозғаушы күштері»: жалақының төмендігі, еңбек жағдайының нашарлауы, жұмыскерлердің құқықтарының бұзылуы және жұмыс берушілердің жұмыскерлермен диалогқа барғысы келмеуі болды.

«Кәсіподақтар федерациясы кәсіпорындарда кәсіподақтардың болмауына немесе болуына қарамастан, еңбек дауларын шешу бойынша барлық келіссөздер үдерістеріне қатысты. Кәсіподақтардың қатысуы сындарлы келіссөздерге, даулардың ұзақтығын қысқартуға және ертерек келісімге келуге әкелді. Кәсіподақ белсенділері атап өткендей, мәселе – басым көпшілігінде экономикалық, психологиялық тұрғыдан да әлеуметтік диалогқа жұмыс беруші тараптың дайын еместігінде», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы Федерация өкілдерінің еңбек дауларын шешуге қатысу тәжірибесіне сүйене отырып, ереуілдерге қарағанда келіссөздер арқылы ымыраға келу және конструктивті шешімдер мен келісімдерге келу жағдайлары әлдеқайда көп екенін атап өтті.

«Шын мәнінде, кәсіподақтар наразылық акциясының, әсіресе ереуіл немесе жұмысты тоқтату сияқты нысанның жетекшісі емес. Бұл жерде ескерте кететін бір мәселе бар. Тәжірибеде жұмыс берушілердің қызметкерлерге қатысты бақылаусыз билігі әділетсіз біржақты шешімдер қабылдаудан көрінеді: жалақыны төмендету, нашар еңбек жағдайын сақтау, демалыс және мереке күндері жұмыс үшін төлем жасамау, жалақыны кешіктіру, қызметкерлерді қорлау және дөрекі қарым-қатынас жасау. Ал мұндай әділетсіздікті жұмыскерлер ауыр қабылдайды және әлеуметтік наразылықтың себебі болады», – деп жалғастырды ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, мұнайлы өлке ретінде Маңғыстау облысының ерекшелігі мұнай өндіруші және оларға қызмет көрсететін сервистік компаниялар арасындағы, Бірыңғай еңбекке ақы төлеу жүйесі (БЕТЖ) қолданылатын  «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес ұйымдары мен БЕТЖ қолданылмайтын жеке компаниялар арасындағы еңбекақы төлеу жүйесінің біркелкі болмауы болып табылады.

Қалыптасқан жағдайды негізге ала отырып, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы әлеуметтік әріптестіктердің бірлескен іс-әрекеті үшін бірқатар алдын алу шараларын ұсынды.

«Экономикада: өнімді тұрақты жұмыс орындарын жаппай құру және жұмыс күшіне жаппай сұраныс, еңбек және өндірістік қатынастарды жақсарту; сот жүйесінде: еңбек қатынастары мәселелері бойынша судьялардың құзыретін арттыру, жоғары тұрған соттарда еңбек даулары бойынша алқалар құру; мемлекеттік басқаруда: қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту, мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілеттіктері мен санын кеңейту бөлігінде барлық деңгейдегі кәсіподақтарды мемлекеттік қолдау; заңнамалық реттеуде: өндірістік демократияны кеңейту, жұмыскерлердің кәсіпорынды басқаруға қатысу құқығын жүзеге асыру», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Сонымен қатар, Федерация келісу рәсімдеріне қатысудан және келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімді орындаудан жалтарғаны үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін енгізу, сондай-ақ адал жұмыс берушілердің тізілімін қалыптастыру қажет деп санайды.

Өңірлердегі ұжымдық еңбек дауларын шешу, Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, екі тараптың: қызметкерлер мен жұмыс берушінің міндеті, мемлекеттің, бұл ретте әкімнің міндеті емес.

«Сондықтан қоғамға жұмыскерлердің мүддесін қорғауға қабілетті күшті кәсіподақтар қажет. Және кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарының толыққанды субъектілеріне айналуына кәсіподақтардың өзі ғана емес, мемлекеттік органдар, саяси партиялар және басқа да қоғамдық институттар мүдделі болуы керек. Кәсіподақтар мен билік арасындағы диалогтың мүмкіндіктері жүйелі емес әлеуметтік шиеленістер мен даулардың алдын алуға, «көшенің» әсерін сейілтуге және қарапайым халықтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына деген сенім сезімін қайтаруға мүмкіндік береді», – деді ҚРКФ төрағасы.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарын еңбек дауларының алдын алу үшін өзара іс-қимыл қарқынын арттыруға шақырды, сондай-ақ облыс әкімдігіне өңірде тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастырып, жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударуды тапсырды.

 

ҚРКФ медиаорталығы