Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысы өтті, оның барысында Федерацияның Әлеуметтік әріптестік жылы аясында өткен жылдағы жұмысының қорытындылары шығарылды, сондай-ақ, жаңа міндеттер айқындалды.
Федерация жұмысының негізгі қорытындыларын Бас кеңес алдында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин баяндады.
«2022 жылды Кәсіподақтар федерациясы Әлеуметтік әріптестік жылы аясында өткізді. Біз елдегі саяси түрлендірулерге өз үлесімізді қостық: біздің мүше ұйымдар ел Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдум өткізу бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ, Халықтық коалицияның бір бөлігі ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдадық. Елдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарының барысына әсер ете алдық. Біз Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына толыққанды мүшелікті қалпына келтірдік. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне төрағалық етуді өз қолымызға алдық», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы әлеуметтік әріптестік жүйесі бүгінде кәсіподақтардың бастамаларының арқасында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«2022 жылы біз мемлекеттің маңызды шешімдерінің қабылдануына ықпал ете алдық – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды, ең төменгі жалақы өсті және өсе береді. Ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу, оның ішінде, оны индексациялау бойынша кәсіподақтардың көптен бергі бастамасы бастау алды. Кәсіподақтардың ең төменгі жалақы мөлшерін ұлғайту жөніндегі бастамасын жүзеге асыру Президенттің біздің ұстанымымызды ашық және біржақты қолдауының арқасында жүзеге асырылғанын ерекше атап өткім келеді. Мұның бәрі бізді естіп, құлақ асатындарын көрсетеді. Біз әрі қарай әрекет етуіміз керек», – деп үндеу тастады әріптестеріне Кәсіподақтар федерациясының басшысы.
Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыру үшін өткен жылы ҚРКФ ұсыныс-пікірлерін ортаға салды, оларды ел Президенті және әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссия қолдады: өңірлік үшжақты комиссияларды әкімдер басқарады; әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарын тең төрағалық ету тәжірибесін енгізді; кәсіподақ алаңдарында және көшпелі форматта жиналыстар өткізіледі.
«Кәсіподақтар федерациясының ұсынысы бойынша 13 өңірде жалақыны жыл сайын индекстеу, өндірістік жарақаттануды азайту, әлеуметтік және еңбек дауларының алдын алу және болдырмау, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға қосымша ақы төлеу мәселелері бойынша өңірлік келісімдерге өзгерістер енгізілді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өткен жылы Республикалық үшжақты комиссияның 2 отырысы, өңірлік комиссиялардың 217 отырысы, оның 19-ы облыстық кәсіподақтар орталықтарының алаңдарында өтті.
Ұжымдық шарттарға келетін болсақ, бүгінгі таңда кәсіподақ ұйымдарында 16 мыңнан астам ұжымдық шарт жұмыс істесе, бұл кәсіподақтар жұмыс істейтін кәсіпорындардың 97 пайыздан астамын құрайды. Республикада күшіне енген ұжымдық шарттар саны 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда 9,3%-ға өсіп, 153 934-тен 168 391-ге жетті.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ұжымдық-шарттық реттеу саласындағы жұмысты жандандыру міндетін қойды.
«Елдегі ұйымдардың 5,1 пайызы ғана кәсіподақ мүшелігімен қамтылған. Бұл көрсеткіштер Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдардың кәсіподақтардың жаңа мүшелерін тарту және ұжымдық шарттар жасасу бойынша жұмысының жоғары әлеуетін көрсетеді. Ұжымдық шарттардың сапасын арттырып, тұрақты табыс үшін күресті өзектендіру қажет. 2023 жылғы ұжымдық келіссөздер науқаны жалақы бойынша келіссөздер құқығын жүзеге асыруға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай келіссөздердің табыстылығы жұмыс берушімен жалақыны арттыру және өндірістік жарақаттарды азайту туралы келісім болады», – деп ҚРКФ басшысы әріптестерінің назарын аударды.
Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестікті дамытудың жақын перспективасы туралы айта келе, Федерация республикалық үшжақты комиссияның мәртебесін көтеру туралы бастама көтеріп отырғанын, оның шешімдері кеңесші емес, барлығына міндетті сипатта болуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанында ХЕҰ-ның №131 Конвенциясын ратификациялау бойынша консультациялар өткізу үшін жұмыс тобы құрылды, оның құрамына кәсіподақтардың өкілдері кірді.
Федерация, сондай-ақ, 35 заң жобасы бойынша, оның ішінде, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, «Ең төмен әлеуметтік стандарттар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, сондай-ақ, «Әлеуметтік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеуге белсенді қатысады.
«Жеке заңның қабылдануы әріптестік қатынастардың ұйымдық мәдениетін, әлеуметтік диалог процестерінің өзін-өзі дамыту тетігін, әлеуметтік, еңбек және онымен байланысты экономикалық мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудың жаңа нысандарын дамытуға ықпал етеді», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейі әлі де жоғары.
Облыстық кәсіподақтар орталықтарының мәліметі бойынша, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өндірісте 1232 жазатайым оқиға тіркеліп, соның салдарынан 1465 адам зардап шекті: оның 203-і өліммен аяқталса, 897-сі – ауыр, 365-і – жеңіл дәрежеде.
Зардап шеккендердің ең көп саны Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында, өліммен аяқталған оқиғалар Қарағанды және Қостанай облыстарында орын алған.
Өндірістік жарақаттанулардың себептері, ҚРКФ төрағасы атап өткендей, жұмыстың қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, қауіпсіз еңбек жағдайларының қамтамасыз етілмеуі және т.б.
Жұмыс берушінің кінәсі 100% анықталатын жазатайым оқиғалар орын алуда.
«Біз әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастырудамыз. Есепті жылы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру, мемлекеттік еңбек инспекторларының санын көбейту және олардың өкілеттіктерін әкімдіктерден Еңбек министрлігіне беру жөнінде ұсыныстар енгіздік. Біздің ұсыныстарымыз «Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарында» және «2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында» көрсетілгенін атап өтемін», – деді ҚРКФ төрағасы.
Бас кеңес мүшелері Сатыбалды Дәулеталиннің 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялау туралы ұсынысын бірауыздан қолдады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы еңбек дауларының алдын алу мәселелеріне ерекше тоқталып, оның себептері табыс деңгейінің төмендігі, жұмыскерлердің өмір сүру деңгейінің нашарлауы, лайықты еңбек жағдайларының жоқтығы деп атады.
Өткен жылдан бері Кәсіподақтар федерациясы 85 еңбек дауын тіркеген.
«Еңбек дауларының көбі кәсіподақтары жоқ кәсіпорындарда орын алуда. Мәселен, 85 кәсіпорынның 41-інде ғана кәсіподақ ұйымы бар. ҚРКФ өңірлердегі әлеуметтік шиеленіс жағдайына күнделікті мониторинг жүргізеді, Еңбек тәуекелдері картасын жүргізеді, «Еңбек елшісі» институтын енгізді, «Еңбек консультациялары» науқанын жүргізеді. Біздің кәсіподақтардың барлық келіссөздер үдерісіне қатысуы келіссөздердің мазмұнды өтуіне, даулардың ұзақтығын қысқартуға және ертерек келісімге келуге әкелді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол, сондай-ақ, әлеуметтік әріптестік аясында ҚРКФ Үкіметтің еңбек дауларын ескерту және оларды шешу бойынша іс-шаралар жоспарын, еңбек дауларының алдын алу және шешу бойынша әлеуметтік әріптестердің бірлескен іс-қимылдарының алгоритмін жүзеге асыруға, Еңбек министрлігі жанындағы Ситуациялық орталықтың жұмысына да қатысатынын еске салды. Дегенмен, Кәсіподақтар федерациясы бизнесті тексеруге мораторийді алып тастау туралы бастамамен ел Президентіне жүгінбек.
«Жұмыскерлердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу және тиісті қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорындарды еңбек заңнамасының сақталуына қатысты тексерулерге жарияланған мораторийді алып тастау туралы өтінішпен жүгінуге ниеттіміз», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясынан Үкіметке қызметкерлердің талаптарын қою рәсімдерін жеңілдету және жұмыс берушілердің еңбек ұжымымен келіссөздерден бас тартқаны үшін жауапкершілігін күшейту туралы ұсыныстар жіберілді.
Бұл ұсыныстар еліміздің мұнай-сервистік кәсіпорындардағы проблемалық мәселелерді қарастыруға арналған Жол картасына енгізілген.
Екі жыл бұрын Федерацияның бастамасымен қолға алынған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы қарапайым жұмыскерлердің түйткілді мәселелерінен хабардар болуға септігін тигізеді.
Өткен жылы ҚРКФ және оның мүше ұйымдары 23 083 кәсіподақ мүшесінің қатысуымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен 829 кездесу өткізді. Отырыстарда айтылған 611 түйткілді мәселенің 388-і оң шешімін тапса, 212-сі – Федерация мен салалық кәсіподақтардың бақылауында.
«Өз тәжірибемнен айта кетейін, жергілікті жерлердегі кәсіподақ мүшелерімен кері байланыс әрбір дабыл сигналына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», – деп есептейді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Федерация мен оған мүше ұйымдардың кері байланысы ҚРКФ Заң клиникасы құрылымындағы Қоғамдық қабылдау мен Татуласу орталықтары арқылы да жолға қойылған.
Өткен жылы Заң клиникаларында 5820 өтініш қаралса, оның 67 пайызы еңбек шартының жасалмауына және жалақының төленбеуіне қатысты.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, құқық қорғау саласындағы қызметте, сондай-ақ, басқа салаларда да Кәсіподақтар федерациясы халықаралық әріптестерінің тәжірибесіне сүйенеді.
«2022 жыл Кәсіподақтар федерациясы үшін халықаралық аренадағы серпінді жыл болды. Федерация басшылығының, оған мүше ұйымдардың тынымсыз жұмысы болжамды нәтижелерге алып келді – 2022 жылдың қарашасында ХКК V Конгресі аясында Бас кеңестің отырысында ҚРКФ Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясындағы мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. 2022 жылдың қыркүйегінде Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің екінші отырысында 2023 жылы Кеңеске төрағалық ету Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясына берілді», – деп еске алды ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Бұл ретте Кәсіподақтар федерациясының қызметінде кәсіподақ идеологиясын ілгерілету мәселесі өзекті болып қала береді.
ҚРКФ төрағасы төрт бағытты белгіледі – кәсіподақ активін оқыту, имидждік позициялау, гендерлік және жастар саясаты.
2022 жылы 32 157 кәсіподақ мүшелерін қамтыған 440 оқыту семинары өткізілді, «Білім беру марафоны» және «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобалары жүзеге асырылды.
Сатыбалы Дәулеталин кәсіподақтық гендерлік саясатты дамытуға және кәсіподақтардың жастар активін алға бастыруға ерекше көңіл бөлуге шақырды.
«Келешек» жастар кеңесі – бірқатар жобалар мен шаралардың бастамашысы. Мәселен, Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі аясында Ташкентте Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан кәсіподақтары командаларының қатысуымен мини-футболдан турнир өтті. Ал бірінші субөңірлік жастар форумы биылғы жылға жоспарланған.
ҚРКФ басшысы кәсіподақтардың қызметін ақпараттық қамтамасыз етудің маңыздылығын да атап өтті. Өткен жылы Кәсіподақтар федерациясы ҚРКФ Youtube арнасында бірқатар бейнежобаларды жүзеге асыратын «Kasipodaq Media» бейнестудиясын іске қосты.
Сатыбалды Дәулеталин өз сөзін қорытындылай келе, кәсіподақ қауымдастығы алдына 2023 жылға арналған бірқатар негізгі міндеттер қойды.
«Биыл біз 2024-2026 жылдарға арналған жаңа Бас келісім жобасын әзірлеуге кірісуіміз керек. Қауіпсіз еңбек жылы аясында Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарының орындалуын қамтамасыз ету және кәсіпорындарда «Халықтық бақылау» жобасын одан әрі іске асыру және «Vision Zero» нөлдік жарақаттанушылық тұжырымдамасына қосылу бағыттарында жұмыстар жалғасуы қажет. Кәсіподақтар палатада кәсіподақ өкілдігіне ие болу және Еңбек адамының мүддесін көтеру үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау науқанына тікелей қатысуы керек», – деп тапсырды ҚРКФ басшысы.
Бас кеңес мүшелері кәсіподақ кадрларының біліктілігін арттыру жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған кәсіподақтық оқыту тұжырымдамасын бірауыздан қабылдады.
Федерацияның 2023 жылға арналған бюджеті де бекітілді және ҚРКФ Жарғысына сәйкес ҚРКФ Бас кеңесі мен Атқару комитеті мүшелерінің ауысуы мақұлданды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бас кеңес жұмысын қорытындылай келе, өткен жылы қол жеткізген табыстардың барлығы ҚРКФ мүше барлық ұйымдардың ынтымақты жұмысының нәтижесі екенін ерекше атап өтті.
«26-шы Съезден кейінгі соңғы бірнеше жыл біздің «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» деген ұранымыздың қаншалықты дұрыс және орынды екенін көрсетті! Біз өз іс-әрекеттерімізді біріктіре отырып, екі миллионға жуық кәсіподақ мүшелерінің ғана емес, Қазақстанның барлық еңбекшілерінің мүддесін алға тарта аламыз», – деп түйіндеді сөзін Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ медиаорталығы