Ағымдағы жылдың 4-5 мамырында Төраға Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясында (ХКК) жұмыс сапарымен болды.
Сапар барысында ХКК Бас хатшысының міндетін атқарушы Люк Трайнглмен, ХКК Бас хатшысының орынбасары Оуэн Тюдормен, БЕАК атқарушы хатшысы Антон Леппикпен, Заң департаментінің директоры Паапа Данкуамен, әлеуметтік қорғау маманы Беатрис Дипадуамен және басқалармен кездесулер өтті.
ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің ХКК Бас хатшысының міндетін атқарушы Люк Трайнглмен кездесуі барысында тараптар ХКК ұсынымдарын, Жаңа қоғамдық келісім, халықаралық еңбек нормаларын алға бастыру бойынша бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту, қауіпсіз тұрақты өмірді қамтамасыз ету және әлеуметтік әділдікке қол жеткізу мәселелерін талқылады.
ХКК Бас хатшысының орынбасары Оуэн Тюдормен кездесу барысында қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, еңбеккерлердің келіссөздер жүргізу құқықтарын жүзеге асыру, қауіпсіз және салауатты жұмыс орындарын қамтамасыз ету, еңбеккерлерді кемсітушіліктен қорғау, әділ ауысулар арқылы тұрақты әлем құру мәселелері талқыланды.
БЕАК Атқарушы хатшысы Антон Леппикпен әңгімелесу барысында дағдарыс кезінде ынтымақты нығайту, кәсіподақтардың жұмыс орындарын құру, жалақы мен күнкөріс деңгейін арттыру, теңдікке қол жеткізу, тең әлеуметтік диалогты қамтамасыз ету бойынша іс-әрекеттері айтылды.
Сатыбалды Дәулеталин мен Беатрис Дипадуа Қазақстанның ХЕҰ-ның 102 конвенциясын ратификациялауына жәрдемдесу, әлеуметтік қорғаудың жаһандық қорын құру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін инвестициялар, өмір сүру деңгейінің дағдарысын еңсеру бойынша шаралар қабылдау мәселелерін қарастырды.
Қазақстандық делегацияның ХКК заң департаментінің директоры Паапа Данкуамен кездесуінің негізгі тақырыбы 87-ші Конвенцияны қолдану, Қазақстанның ХЕҰ және ХКК ұсынымдарын орындауы болды.
Төраға Сатыбалды Дәулеталин бастаған ҚРКФ делегациясы өз тарапынан ХКК әріптестерін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясындағы демократиялық өзгерістермен және еңбек заңнамасындағы реформалар мен өзгерістермен, сондай-ақ, жаңа Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің ережелерімен таныстырды.
ХКК мен ҚРКФ басшылығы әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытудың, әлеуметтік әріптестікті дамытудың және кәсіподақтардың әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын алға бастырудың өзекті мәселелері бойынша тұрақты пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті. Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы қазақстандық кәсіподақтарға барлық қажетті консультациялық және техникалық қолдау алдағы уақытта да көрсетілетініне сендірді.
ҚРКФ медиаорталығы