18 мамыр күні Астана қаласында «Сайран арена» спорт кешенінде Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия елдерінің ұлттық кәсіподақтар орталықтарының жастарынан құралған командалар арасында Орталық Азия кәсіподақтарының кубогі үшін футзалдан «CTUCA CUP» халықаралық турнирі басталды. Екінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық турнир екі күнге созылды.
Турнир Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің кәсіподақ мүшелері арасында футзалды өзектендіру және дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, кәсіподақ мүшелерін дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, сондай-ақ, аймақ елдерінің кәсіподақ мүшелерінің дене дайындығы мен спорттық шеберлік деңгейін арттыруға бағытталған.
Бір айта кетерлігі, футзал – қазақстандық жанкүйерлер тамсанатын спорт түрлерінің бірі. Бұл спорт түрінің адам ағзасына да берер пайдасы мол. Мәселен, білікті мамандардың айтуынша, футзал жылдамдық пен күшті дамытады, спортшының шыдамы жетіледі. Футзалда техника үлкен рөл атқарады, сондықтан 50 жаста да техникасы мықты ойыншы болуға болады. Сондықтан да мамандар футзалды өте демократияшыл спорт деп те атайды.
«CTUCA CUP – 2023» Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының командалары арасындағы футзалдан II халықаралық турнирге барлығы 6 команда қатысты.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, ОАЕКК Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин қатысушыларға сәттілік тілей отырып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталды, барлық ойыншыларға қолдау білдірді.
Сатыбалды Дәулеталин – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, ОАЕКК Бас хатшысы:
Құрметті достар, спорт сүйер қауым, жанкүйерлер, футболшылар!
Қонақжай Қазақ жеріне қош келдіңіздер! Сіздерді айрықша қуанышпен, зор ықыласпен қарсы алудамыз. Футзал турнирі жақсы дәстүрге айналды. Алғашқы турнир былтыр Ташкентте өткен болатын. Және бұл нағыз мерекеге айналды. Сол бірінші турнирдің алғашқы жеңімпаздары Өзбекстан құрамасын құттықтағым келеді. Біз әдемі голдардың, жағымды эмоциялардың куәсі болатынымызға және осы турнирді өткізуден үлкен серпіліс алатынымызға сенімдімін.
Кәсіподақтар әрқашан салауатты өмір салтын, бұқаралық спортты дамыту мәселесін қолдайды. Біз әрқашан белсенді өмір салтын ұстанатын барлық адамдарды қолдаймыз. Бүгінгі спорт сәнге айналуы керек. Біз дене шынықтырумен, спортпен үнемі және белсенді айналысып, белсенді өмір салтын ұстануымыз қажет. Барлық командаларға сәттілік, жеңістер, әдемі голдар, әсерлі ойындар тілеймін. Футболды жақсы көрейік! Футбол ойнайық! Орталық Азия елдері кәсіподақтары арасындағы футзалдан ІІ халықаралық турнирді ашық деп жариялаймын.
Халықаралық турнирдің жабылу салтанатына Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Маликшо Нематзода, Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Эмиль Кызаев, Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясының президенті Эрдэнэбат Сухбаатар, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төраға орынбасары Бахтиёр Махмадалиев қатысты.
Шақырылған қонақтардың қатарында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, футзалдан ҚР құрамасының бас бапкері Паоло Рикардо Кака, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, Турк иш Түрік кәсіподақтар конфедерациясының президенті Ергюн Аталай және Әзірбайжан кәсіподақтар конфедерациясы төрағасының орынбасары Алхасов Джаваншир болды.
Екі күндік қызықты және серпінді спорттың барлық жанкүйерлері «Сайран арена» спорт кешенінде футзал ойындарын тегін түрде тамашалауға мүмкіндік алды. Жүлдегерлерге кубок пен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, футзалшылар бірнеше аталым бойынша марапатталды.
Айта кетерлігі, футзал турнирін өткізу Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің отырысы аясында дәстүрге айналды. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының футзалдан командасы ерекше және сәтті жоба болды, ол есепті жылы АФЛ Бірінші лигасының чемпионы атанды. Өткен жылы Ташкент қаласында өткен ұлттық кәсіподақтар орталықтары құрамаларының футзалдан бірінші кубогы үшін ойында «Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы» құрамасы екінші орын алған болатын.
Самизода Мусобек – Тәжікстан Республикасы Соғды облысы халықтық білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, Тәжікстанның Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы құрамасының бапкері
Мен біздің құраманың бапкерімін. Біз Тәжікстаннан Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің ұлттық кәсіподақтар орталықтары кәсіподақ құрамаларының ойынына қатысу үшін келдік. Өткен жолы мен Ташкентте ұлттық кәсіподақтар орталықтары кәсіподақ құрамаларының І ойынында болдым. Біздің ұйымдардың арасында тату көршілік пен достық қарым-қатынастың берік іргетасы қаланған. Бұл ойында барлық құрамаларға жақсы ойын көрсетулерін тілеймін. Ең бастысы, достық болуы керек. Біздің жігіттер, яғни барлық құрамалар жақсы ойын көрсетеді деп ойлаймын.
Жуырда Президентіміз Қазақстанға келіп, Қазақстан Президентімен кездесті. Біздің елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастары жемісті болуда. Сондықтан, біздің елдердің кәсіподақтарының арасындағы қарым-қатынас ойындардан кейін бұдан да жақсырақ болады деп ойлаймын.
Біздің ойыншылар – халықтық білім беру қызметкерлері кәсіподағының қызметкерлері. Оларға жоғары деңгейде тапсырма берілген. Олар өз өнерлерін көрсетеді деген сенімдемін. Біздің құрамаға биыл 3 жыл.
Медер Атаянов – Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы құрамасының бас бапкері
Негізі, біздің құрама Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің ұлттық кәсіподақтар орталықтары кәсіподақ құрамаларының ойынына бірінші рет қатысып отыр. Сөз басында өзімнің және жалпы құраманың атынан қонақжайлық танытып, жылы да жақсы қарсы алғандарыңыз үшін үлкен алғысымды былдіремін. «Қазақ-қырғыз бір туған» демекші, қазақстандық әріптестеріміз бізді жоғары деңгейде күтіп алды, жайғастырды. Құрмет көрсетіп, сыйластықтарын танытып жатыр. Бұл ойын жемісті болады деп ойлаймын. Мен негізі үлкен турнирлерге шықпасам да, өз елімде жергілікті ойындарға қатысып жүргенмін. Кәсіподақтар арасында түрлі ойындар өткізіліп отырады, соларға қатысамыз. Білікті ойыншылардың басын біріктіріп, жақсы нәтижелер көрсетіп жүрміз. Қатардағы кәсіподақ мүшелерінен жинақталған құраманың құрылғанына 5-6 жыл болып қалды. Олардың қатарында кеншілер, геологтар, күзет қызметкерлері бар. Құрама жақсы ойын көрсетеді деген үміттемін. Біздің ойыншылар мұндай халықаралық турнирде бірінші рет өнер көрсетейін деп отыр. Адам баласы болғаннан кейін, кішкене алаңдаушылық бар, әрине. Сол себепті, оларға тартынбай, өздерінің білетін ойынын жоғары деңгейге көрсетуді айтудамын. Құраманың рухы биік, үміті зор.
Батбаяр Бяамжав – Моңғолия Кәсіподақтар конфедерациясының капитаны
Біздің Моңғолиядан келген кәсіподақ командасы қарапайым еңбеккерлерден құралған. Турнирге алдын-ала дайындалып, өз кәсіподақ ұйымдарын қолдау үшін келіп отыр. Бұл уақытқа дейін осындай ірі көлемдегі жарыстарға қатысып көрмеген едік. Ең бірінші турниріміз осы болып отыр. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы жоғары деңгейде қарсы алып, барлығын жақсы ұйымдастырыпты. Елдеріңіз өркендеуін көріп біз тәнті болдық. Кәсіподақтар ұйымдарына табыс тілейміз. Жұмыстарыңыз жүре берсін.
Шухрат Полатов – Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының бапкері
Әрине, біз Қазақстанға келгенімізге әрқашан қуаныштымыз. Өйткені, мұнда бізді өте жақсы қарсы алатынын білеміз. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Осы орайда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына зор алғысымды білдіргім келеді. Футболшыларға жасалған жағдай өте жақсы. Біздің команда чемпиондық атағын қорғауға келді. Біз бұл ойындардың алғашқы жеңімпаздарымыз. Сол себепті, біздің ойыншылар өздерінің қайда келгенін және олардан не күтілетінін жақсы біледі. Барлық командаларға сәттілік тілеймін. Биыл турнирге қатысушылардың саны артты. Моңғолия құрамасы қосылды. Турнирдегі командалардың қатары одан әрі кеңейе береді деп ойлаймын.
Негізі, бұл турнир достық қарым-қатынаста өтетіндігіне сенімдімін. Себебі, құрамалардың көбісінде жас ойыншылар. Олар өзара танысып-біліседі, тәжірибе алмасады. Мүмкін, келешекте бір бағытта жұмыс та жасайтын шығар. Бұл жерде достық қарым-қатынас жоғары бағаланады. Айтпағым, ең бастысы – достық. Сондықтан осы шараға, осы турнирге қатысушы кәсіподақтар өкілдеріне және ұйымдастырушыларға тағы да көп рахмет.
Бағлан Әшімов – ҚР Кәсіподақтар федерациясы құрамасының капитаны
Біздің команданың құрылғанына 2 жыл болды. Биыл Орталық Азия елдері кәсіподақтарының турнирі Қазақстан жерінде өткізіліп жатыр. Турнирге екі команда жасақтадық. Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанда футзалға деген қызығушылық артып келеді. Соның ішінде, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы футболды қолдап, насихаттайды. Турнир елордамызда «Сайран-арена» спорт кешенінде өткізіліп жатыр. Барлық керекті жабдықтармен жабдықталған, ойын үшін қажеттіліктердің бәрі бар. Осы футболға деген қызығушылықтың артуының бір дәлелі – Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің барлық мүшелері біздің турнирге келіп отыр. Турнирдің жоғары деңгейде өтетіндігіне сенімдімін. Кубокты өз елімізде алып қаламыз деген сенімдемін. Команданың дайындығы жақсы. Жаңа айтып өткенімдей, қалалық чемпионаттарда өнер көрсетіп жүрген команда.