Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағаты» КММ ұжымымен кездесті.
Ақтөбедегі бірегей мекемеге – биыл 100 жыл. Осы ғасырда мұнда 1611 қор және 707 504 сақтау бірлігі жиналған. Бүгінгі таңда облыстық мұрағатта 92 адам жұмыс істейді, олардың барлығы – ақпарат, мәдениет, спорт және туризм қызметкерлері салалық кәсіподақ ұйымының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері.
Облыстық мұрағат директоры Марат Төлебайдың айтуынша, қызметкерлердің орташа жалақысы 130 мың теңгені құрайды.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 139-бабының 9-тармағына сәйкес азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң айлықақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемiнде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер белгiленедi.
«Ақтөбе облысында ауылдық жерлердегі мұрағат қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 25% қосымша төлем алмайды. Ақтөбе облыстық мәслихаты лауазымдық жалақыға 25 пайыздық қосымша төлемді бекіткенімен, әділет органдары бұл норманы тіркемей отыр», – деді жиында кәсіподақ төрағасы Айгүл Алдамжарова.
Архив директоры атап өткендей, өткен жылы сот шешімімен тиісті төлемдерге қол жеткізуге болатын болса, биыл да жағдай сот ісін бастауға алып келеді.
Мұрағат қызметкерлері тағы бір түйткілді мәселені де айтты – техникалық қызметкерлер демалысқа емдік жәрдемақы төлеуді талап ете алмайды – заңнамада бұл ретте бекітілмеген.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мекеме қызметкерлеріне ұжымдық шарт нормаларын келісу кезінде қосымша кепілдіктер қарастырылуы тиіс екенін ескертті. Еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге қатысты отырыста көтерілген мәселелер Федерацияның әлеуметтік әріптестерге ұсыныстар пакетіне енгізілді.
«Ұжымдық шарт ұжымдағы еңбек қатынастарын үйлестірудің маңызды құралы болып табылады. Кәсіпорынның қаржылық-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, жұмыс беруші мен қызметкерлердің бірлескен талқылауының арқасында қызметкерлерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер беруге болады. Дегенмен, мұрағат қызметкерлерінің емдік жәрдемақы мен басқа да өтемақы төлемдерін төлеу құқығын заңмен бекіту қажет. Сондықтан, Кәсіподақтар федерациясы мұрағат қызметкерлерінің тізіміне енгізе отырып, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 139-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қамтитын үкіметке ұсыныстар пакетін қалыптастырды. Менің жеке пікірімше, халық тарихын сақтаушылар – мұрағатшылардың еңбегі лайықты бағалануы тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда республикада 223 мемлекеттік мұрағат мекемесі мен олардың филиалдары (оның 5-уі республикалық деңгейде) бар, оларда 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
ҚРКФ медиаорталығы
Фото Куандык Тулемисов