ҚР ТЖМ РЖҚТ жасақ мүшелері Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының медальдарымен марапатталды

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Республикалық жедел-құтқару тобы» (РЖҚТ) мемлекеттік мекемесінің базасында болып, құтқарушылардың жұмыс жағдайымен танысып, Түркия Республикасындағы жер сілкінісінің ошағында кәсіби борышын өтеген жасақ мүшелерін марапаттады.

1994 жылдың ақпанында құрылған РЖҚТ жасағы «Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы жасақтары» деген атауға толыққанды құқылы. Жасақ жұмыс істеген уақыт ішінде РЖҚТ құтқарушылары 7066 жедел құтқару шараларына шығып, оның барысында 5707 адам құтқарылды. Тек биылғы жылдың 30 мамырындағы жағдай бойынша РЖҚТ 94 жедел құтқару шараларын жүргізіп, 132 адамды құтқарды, 15 зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Жасақтың артында биыл 5 ақпанда жойқын жер сілкінісінен 11 аймағы зардап шеккен Түркия Республикасындағы құтқару операциясы да бар. Түркия тарапынан алғашқы шақырту бойынша 6 ақпанда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Республикалық жедел-құтқару жасағының 33 қызметкері кәсіби борышын өтеуге аттанды. РЖҚТ миссиясының екі аптасында Газеантеп қирандыларынан 4 адам құтқарылды, 77 қаза болған адамның денесі шығарылды. Жалпы қазақстандық құтқарушылар үйінді астынан тірі 7 адамды шығарып, жер сілкінісі кезінде қаза тапқан 88 адамның денесін шығарды.

Бүгінгі таңда жасақ құрамында 93 қызметкер болса, оның 89-ы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына мүше «Қызмет» республикалық кәсіподақ ұйымының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Республикалық жедел-құтқару тобы» ММ басшысы Владимир Цой Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинмен әңгімелесу барысында жасақтың арнайы құрал-жабдықтармен жеткіліксіз жарақтануы, құтқарушыларға өзекті әлеуметтік мәселелер мен кадрлардың жетіспеушілігі туралы айтты.

«Жасақ қызметкерлеріне мемлекеттен жеңілдіктер қарастырылмаған, себебі, мемлекеттік қызметші болғандықтан – олар жалпы негізде жүреді. Осыған қарамастан жас жігіттер жасақта қызмет еткісі келеді. 15 үміткердің ішінен іріктеу кезінде екі-үш адам таңдалады. Құтқарушының жұмысы ерекше дағдыларды қажет етеді. Егер адам физикалық дайын, моральдық тұрғыда тұрақты болса, қалғанын өзіміз үйретеміз», – деді Владимир Цой.

РЖҚТ қызметкерлерінің орташа жалақысы 120 000 теңгені құрайды, ауысымдық үстемеақыны есепке алғанда ол 160 000-нан әрең асады. Жасақ мүшелерінің жұмысы оңай емес. Аяз бен аптап ыстықта олар адамдарды құрлықта, тауда, суда құтқарады. ҚРКФ төрағасы РЖҚТ басшысымен әңгімелесу кезінде рациядан келесі хабарлама келді: «Іле Алатауының тауларында қиындыққа тап болған турист құтқарылды. Құтқару тобы базаға оралуда». Осылай күн сайын қайталанады.

РЖҚТ жасағының қызметкерлері мен туристті құтқару операциясынан оралған топ алаңда ҚРКФ төрағасын жалпы құраммен қарсы алды.

Сатыбалды Дәулеталин жасақ ұжымы алдында сөйлеген сөзінде РЖҚТ құтқарушыларымен жеке кездескеніне қуанышты екенін баса айтты.

«Мен бүгін осында болғаныма өте қуаныштымын. Жасақтың әрбір мүшесіне кәсіби борышын адал атқарғаны үшін алғыс айтқым келеді. Төтенше жағдайға тап болған адамдарды құтқару – ерлік. Сіздер мұны күнде жасайсыздар. Өз өмірлеріңізді қатерге тіге отырып, сіздер жиі басқаларды өмірге қайтарасыздар», – деді ҚРКФ төрағасы.

РЖҚТ жасағының мүшелерін толғандыратын мәселелерді шешуге келсек, Сатыбалды Дәулеталин жақын арада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігіне құтқарушылардың әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешу үшін жүгінуге ниетті екенін айтты.

«Сіздердің еңбектеріңіз назар аударуға және қолдауға лайық. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестер алдында РЖҚТ жасағының қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктер мәселесін қоятын болады», – деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин Түркия Республикасындағы жойқын жер сілкінісінің зардаптарын жою жөніндегі миссияда кәсіби борышын өтеген РЖҚТ  жасағының мүшелеріне ерекше назар аударды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі РЖҚТ барлық жасағына алғыс білдіріліп, он бес құтқарушы, оның ішінде, кинологтар, жасақ медицина қызметкерлері және құтқарушылар «Еңбек озаты» ҚРКФ медалімен және «Қызмет» салалық кәсіподақ ұйымының құрмет грамоталарымен марапатталды.

«Сіздер нағыз батырсыздар! Біз балаларымызды сіздердің үлгілеріңізбен тәрбиелеуіміз керек. Сіздердің адамдарға және олардың қиыншылықтарына деген көзқарастарыңыз – ынтымақтың, өзара көмектің және үлкен қайырымдылықтың нышаны», – деді ҚРКФ төрағасы сөзінің соңында.

ҚРКФ медиаорталығы