Бүгін Астанада Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогына арналған отырыс аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин түркімен әріптесі, Түркіменстанның ұлттық кәсіподақтар орталығының төрағасы Акджемал Дурдыевамен кездесті.
Тараптар ұлттық кәсіподақтар орталықтары арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылап, кәсіподақтардың ағымдағы күн тәртібіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, жоспарларды белгіледі.
Акджемал Дурдыева Түркіменстан ұлттық кәсіподақтар орталығының жұмысы туралы баяндады. Түркіменстан ұлттық кәсіподақтар орталығының құрамына жалпы саны миллионнан астам еңбеккерден тұратын кәсіподақтардың 14 салалық және 5 аумақтық бірлестігі кіреді.
ҚРКФ төрағасы Қазақстан ұлттық кәсіподақтар орталығының кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау жөніндегі қызметі туралы айтып, кәсіподақтардың халықаралық және аймақтық ынтымақтастығының келешегі туралы өз көзқарасымен бөлісті.
Сатыбалды Дәулеталин Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы бола отырып, Түркіменстан ұлттық кәсіподақтар орталығының төрағасы Акджемал Дурдыеваға Түркіменстан ұлттық кәсіподақтар орталығының Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесінің құрамына қосылу мәселесін қарауды ұсынды.
«Кеңестің есігі әрдайым ашық. Жақын болашақта біз, ОАЕКК мүшелері, Түркіменстанның ұлттық кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, Орталық Азия аймағындағы 15 миллион жұмыскердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын ортақ субаймақтық ұйымымызды дамытамыз деп үміттенемін», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде, Акджемал Дурдыева Түркіменстанның ұлттық кәсіподақтар орталығының ОАЕКК кіруі мәселесі өзекті және қаралып жатқанын атап өтті.
Кездесу соңында ҚРКФ төрағасы түркімен әріптесін осы жылдың күзінде Қазақстанда өткізу жоспарланған Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің IV отырысына қатысуға шақырды.
ҚРКФ медиаорталығы