Сәрсенбі, 12 шілдеде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағының V съезіне қатысты.
Съезге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Мұхтар Тінікеев ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің атынан жылы лебізін жеткізіп, биыл Қазақстанның мұнай саласына 124 жыл толып отырғанын – ол әлі күнге дейін мемлекет экономикасының флагманы екенін атап өтті және әріптестерінің назарын мұнай саласы кәсіподақтары қызметінің негізгі бағыттарына аударды.
«2023 жылды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында өткізіп жатыр. Мұнай-газ саласында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері өзекті болып табылады. Қазақстан жыл сайын көмірсутегін өндіру көлемін арттыруды жалғастыруда, мұнай операцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр», – деді Мұхтар Тінікеев.
ҚРКФ мәліметі бойынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ саласындағы апаттардан бірнеше ондаған адам зардап шекті, 10 адам қайтыс болды. Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестерді еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ең озық технологиялар мен бағдарламаларды – «ASPANS» цифрлық бағдарламасын, «Халықтық бақылау» әлеуметтік жобасын, «VisionZero-Нөлдік жарақаттанушылық» халықаралық тұжырымдамасын алға бастыруға және енгізуге шақырады.
ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, кәсіподақтар үшін саладағы еңбекақы төлеу мәселесі де маңызды.
«Жекелеген кәсіпорындарда қалып қойған қазақстандық және шетелдік жұмыскерлердің жалақысындағы диспропорцияны ескере отырып, салалық кәсіподақ пен Кәсіподақтар федерациясы үкіметтегі және тиісті министрліктегі әлеуметтік әріптестерге бірнеше рет жүгінді. Айта кету керек, ҚРКФ бастамалары ел басшылығының назарынан тыс қалмады. Өткен жылы ел Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасын қабылдады, онда Кәсіподақтар федерациясының еңбек кірісіндегі теңгерімсіздікті жою жөніндегі ұсынысы ескерілді», – деді Мұхтар Тінікеев.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы еңбек заңнамасында жалақыға қатысты өзгерту бойынша бірқатар нақты ұсыныстар жасаған. Олар ең төменгі жалақыны жүйелі түрде арттыруға, жұмыс берушінің инфляцияны ескере отырып, қызметкерлердің жалақысын индекстеу жөніндегі міндетін заңнамалық тұрғыдан бекітуге қатысты.
«Еңбекақы жүйесіне, жалақыны жыл сайынғы индексациялауға, ең төменгі жалақыны қалыптастыру әдістемесін әзірлеуге, сондай-ақ, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдардың зейнеткерлік жасын қайта қарауға қатысты біздің барлық ұсыныстарымызды әлеуметтік әріптестер қабылдады. Үкімет үшін ең төменгі жалақы туралы ХЕҰ-ның №131 конвенциясын ратификациялау басымдық болуы тиіс деп есептеймін. Біз өз тарапымыздан олардың оң шешіміне қолжеткізуді жалғастырамыз», – деді ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары съезд қатысушыларына.
Жалпы кәсіподақ қоғамдастығының дамуы туралы айта келе, ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Федерация мен оның мүше ұйымдары елімізде кәсіподақ қозғалысын одан әрі нығайтуға, кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін күшейтуге, кәсіподақтардың қатарын кеңейтуге, кәсіподақ кадрларымен жұмыс жасауға, олардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлетіндігіне тоқталды.
Ол қарапайым кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғауда жинақталған барлық тәжірибені кәсіподақ көшбасшылары мен мұнай-газ секторы белсенділерінің қатысуынсыз елестету мүмкін еместігін баса айтып, кәсіподақ көшбасшыларына кәсіподақ басымдықтарына адалдық танытқандары үшін алғысын білдірді.
«Мұнайшының жұмысы оңай емес. Сіздердің әрқайсысыңыз саланы және тұтастай алғанда бүкіл мемлекеттің экономикасын дамытуға үлес қосып келесіздер. Түрлі салалардағы екі миллион жұмыскерден тұратын Кәсіподақтар федерациясы күрделі мәселелер мен міндеттерді, соның ішінде, мұнайшылардың да мәселелерін шешу жолдарын қарастырады және қайта құрулар мен реформалардың нәтижесі ретінде біздің кәсіподақтардың барлық мүшелерінің әл-ауқатының артуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Қазақстандық мұнай-газ кешенінің кәсіподағы біздің үлкен кәсіподақ отбасының бір бөлігі болып табылады!», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.
Съезд жұмысын жалғастырған қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сұлтан Қалиев кәсіподақ ұйымының қызметіне тоқталды.
«Мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподақ ұйымы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйым ретінде еліміздің кәсіподақ қозғалысының құрамдас бөлігі болып табылады және оның басты мақсаты – мұнай-газ секторындағы жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға қол жеткізуге өз үлесін қосады. Бұл ретте әріптестеріміздің құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды рөл атқарады. Мерзімді түрде кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында білім беру бағдарламасы жүргізіледі. Есепті кезеңде 350-ге жуық кәсіподақ көшбасшысы оқытылды, оның 62-сі бастауыш және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары. ҚРКФ оқу орталығымен бірлесіп бұл жұмыс жалғасады», – деді Сұлтан Қалиев.
Бүгінгі таңда қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподақ құрамына жалпы саны 33 мыңнан астам мүше бар саладағы 39 кәсіпорынның жергілікті кәсіподақ ұйымдары кіреді.
Салалық кәсіподақтың V съезіне қатысушылар кәсіподақ қызметі туралы есептерді бекітіп, басшы органдардың жаңа құрамын сайлады.
Съезд делегаттарының бірауыздан қабылданған шешімімен Сұлтан Қалиев қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы болып қайта сайланды.
ҚРКФ медиаорталығы