Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің XV форумының қатысушылары Қазақстанның тұңғыш астанасы – Қызылорда өңіріне барды. Шетелдік қонақтар «Қорқыт ата» мемориалды кешенімен, Қызылорда өлкесінің тарихы таңбаланған мұражайымен танысты.
Одан әрі делегация Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне барды. Кездесуге Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ә.Ізімбетов пен Қызылорда облысындағы аумақтың кәсіподақтар орталығының төрағасы М.Нәлібаев қатысты.
Университетте делегацияны Басқарма басшысы – ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова қарсы алды. Бейбіткүл Сәрсемханқызы университет қонақтарына оқу ордасының құрылу, даму тарихы мен бүгінгі миссиясы туралы ақпарат берді. Университет басшысы Салалық кәсіодақпен жолға қойылған әлеуметтік әріптестік туралы да айтып өтті.
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева университет басшылығына сындарлы ынтымақтастық үшін алғыс айта отырып, делегация құрамымен таныстырды.
«Түркітілдес елдердің білім кәсіподақтарының Еуразиялық халықаралық бірлестігі Түркияның білім беру кәсіподағының бастамасымен құрылды. 20 жылға жуық уақытта халықаралық бірлестік мүшелікке кіретін салалық кәсіподақтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге және достықты нығайтуға ықпал етіп келеді.
Бірлестікке мүше елдердің құрамы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бүгінде оған Түркия, Қырғызстан, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Румыния, Македония, Косово, Солтүстік Кипрдің білім кәсіподақтары кіреді. Күні кеше Түркістан қаласында Халықаралық бірлестіктің XV форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Форумда Еуразиялық кеңістіктегі білім саласының, педагогтардың, салалық білім кәсіподағының өзекті мәселелерін талқыланды» , – деді Айгүл Мұқашева.
Өз кезегінде сөз алғанг Türk-Eğitim Sen» Түркия білім кәсіподақтары төрағасы Талип Гейлан қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, форумға қатысушылардың Сыр өңірінен алған әсерімен бөлісті: «Қорқыт ата-барлық түркі халықтарына ортақ аңызға айналған тұлға. Ол түркі әлемінің символы, оның қасиетті коды және адамгершілік тірегі болды.Өңірге сапар аясында Қорқыт ата атын алған университет қызметімен танысқанымызға қуаныштымыз», – деді ол.
Делегацияға университеттің оқу ғимараты таныстырылды. Қонақтар университет қызметімен қызығушылықпен танысты.
Форм аясында қатысушылар қатысушы елдердегі білім беру жүйесінің мәселелерін талқылады, білім және ғылым қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық қорғау бойынша сала кәсіподақтарының міндеттерін айқындады, бірлестікті одан әрі дамыту, оның қызмет аясын кеңейту, бірлескен жобаларды, халықаралық іс-шараларды жүзеге асыру және білім беру саласындағы ақпараттық алмасуды күшейту жолдарын белгіледі.
3 күнге созылған Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігі XV форумы басты құжат Қарарға қол қойып, қабылдаумен тәмамдалды.
Жалпы пікір білдіріліп, бірқатар ұсынымдық шешімдер қабылданды:
– Еуразиялық білім кәсіподақтарының халықаралық бірлестігі (ЕБКХБ) өз қызметін жүргізетін елдерде және бірінші кезекте тәуелсіз Түркі республикаларында білім беру мен оқытуды қолдау және тәжірибе алмасу мақсатында ұстаздар мен оқытушылардың тәжірибе алмасу бағдарламаларын дамыту, сондай-ақ кәсіби дағдыларды арттыру бойынша бағдарламаларды енгізу;
– Пандемия кезінде әлемде ғылыми зерттеулердің маңызы күрт өсті. Осыған байланысты, ЕБКХБ мүше елдердегі ғылыми-техникалық саясаттағы әріптестікті қамтамасыз ету үшін «Ғылым мен мәдениеттің түркі ғасыры» ұранымен ғылым мен техника бойынша бірлескен стратегиялық құжат дайындау және т.б.
Қарарға «Türk-Eğitim Sen» Түркия білім кәсіподақтары төрағасы Талип Гейлан, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева, Қырғыз Республикасының білім және ғылым кәсіподағының төрағасы Асылбек Тоқтағұлов, Түрік Республикасының Солтүстік Кипр білім кәсіподақтары төрағасы Акын Манга, Әзірбайжан білім кәсіподағының хатшысы Зафер Мәммадов, Өзбекстан Республикасының білім және ғылым кәсіподағы төрағасы Махмуд Бабаяров, Солтүстік Македония білім кәсіподағының төрағасы Энес Ибрахим, Румыниядағы түрік ұстаздары білім кәсіподағының төрағасы Вилдан Бормамбет, Косово білім кәсіподағының төрағасы Ерол Кара қол қойды.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі