27 шілде күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еліміздің мұнай-газ және мұнай-сервистік кәсіпорындарының кәсіподақ белсенділерімен кездесіп, олармен сала қызметкерлерінің өзекті мәселелері мен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы қызметінің басым бағыттарын талқылады.
Кездесуге «Ембімұнайгаз» АҚ және «Ембімұнайэнерго» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ, «Каспий мұнай» АҚ, «Матен Петролеум» АҚ, «Ақсайавтотранс» АҚ, «Ұлы қабырға» ҚҚБК» ЖШС, «Oil Services Company» ЖШС, «Құмкөл Транс Сервис» ЖШС, «Мұнай Көлік» ЖШС, «Қазмұнайгаз-Бұрғылау» СБК» ЖШС, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, «Доссормұнайгаз» МГӨБ, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ, «Магистральный Водовод» ЖШС және басқа да кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Әріптестерінің алдында сөз алған Сатыбалды Дәулеталин ең алдымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының барлық сан салалы қызметі еңбекшілердің құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Осы тұрғыда кәсіподақ қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
«Бірқатар жағдайларда қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерінің бұзылуының себептерінің бірі заңнамаға қатысты қажетті білімнің және оны қолдану дағдыларының болмауы болып табылады. Сондай-ақ, кәсіподақ активінің кәсіподақ қозғалысының негізгі міндеттері туралы, оның ішінде, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын ұйымдастыру туралы жеткіліксіз хабардар ету мәселесі де бар. Әлеуметтік әріптестермен сындарлы диалог жүргізу үшін біздің қызметкерлердің жоғары білікті болуы маңызды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Мүше ұйымдардың бірлігі, кәсіподақ қызметін дамыту, сондай-ақ, барлық деңгейдегі кәсіподақтардың рөлі мен мәртебесін нығайту идеясына ҚРКФ төрағасы басымдық берді.
«Кәсіподақтар федерациясы 117 жылдық тарихы бар қарапайым еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын сандық және демократиялық ұстанымдары жағынан еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Кәсіподақтар федерациясының мүшелері 16 мың бастауыш кәсіподақ ұйымына біріктірілген қазақстандық кәсіпорындар мен ұйымдардың екі миллионға жуық еңбеккері болып табылады. Қарапайым еңбеккерлердің өмір сүру деңгейі мен еңбек қатынастарының сапасы ең алдымен кәсіподақтың барлық мүшелерінің бірлігі мен өзара түсіністігіне байланысты», – деді ҚРКФ төрағасы.
Оның айтуынша, әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың маңызды құралдарының бірі – конструктивті әлеуметтік диалог құру және кәсіпорын қызметкерлерінің өзекті мәселелерін ескеретін ұжымдық шарт жасау.
«Кәсіподақтар федерациясы соңғы 2,5 жылда еңбек дауларына егжей-тегжейлі талдау жасады. Осы кезеңде біз 272 ұжымдық еңбек дауын тіркедік. Оның 171-і, яғни, 63 пайызы келіссөздер арқылы шешілген мәселелер. Бұл көп күш жұмсап, жұмыс берушімен ортақ келісімге келген кәсіподақтардың тікелей еңбегі екенін жұртшылық біле бермейді. Сонымен қатар, 272 кәсіпорынның 57 пайызында кәсіподақ ұйымы болмағанына қарамастан, біздің мүше ұйымдар еңбек дауларының жалпы санының 96 пайызын шешуге, жұмыскерлердің мүддесін қорғауға тікелей қатысты», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Дауларды шешу тетіктеріне тоқталған Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың қарауына 241 еңбек дауы ұсынылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасы бойынша кәсіподақтармен еңбек дауларын шешу әдістерін қарастыру бойынша 1080 оқыту семинарлары, 207 еңбек консультациялары өткізілді.
«Еңбек консультациялары дегеніміз не? Әңгіме екі жақты ақпарат алмасу, мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп іздеу туралы болып отыр. Бір жағынан жұмыс беруші кәсіподақтарға өндірісті басқаруға қатысты ақпаратты жіберсе, екінші жағынан кәсіподақтардан еңбек жағдайына байланысты ақпаратты алады. Бірлескен консультациялар жүйесі еңбек дауларын азайтуға, тараптар арасындағы ұзаққа созылған дауларды жоюға көмектесуі тиіс», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, еңбек дауларының негізгі себептері жалақының төмендігі, еңбек жағдайының нашарлығы және жұмыс берушінің келіссөзге келмеуі болып табылады.
«Бұл біздің өзіндік сана-сезіміміздің, менталитетіміздің факторларының бірі, біз бәріміз бірге өзгеріп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруымыз керек», – деп есептейді ҚРКФ басшысы.
Әлеуметтік әріптестікті жан-жақты дамытудың өзекті проблемалық мәселелерінің қатарында ол елімізде жұмыс берушілер бірлестігінің жоқтығын атады.
«Кәсіподақтар үкімет алдында жұмыс берушілердің республикалық өкілдігінің жоқтығы мәселесін бірнеше рет көтерді, бұл тиімді үшжақты қатынастар жүйесін құруға мүмкіндік бермейді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның айтуынша, үшжақты қатысудың маңыздылығын ескере отырып, Кәсіподақтар федерациясы құрылған «Paryz» жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясына жан-жақты консультативтік қолдау көрсетеді.
Төмен жалақы мәселесіне тоқталған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бүгінгі күні еңбекақы жүйесін қалыптастыру және бекіту жұмыс берушінің қолында екенін баса айтты.
«Біз Еңбек кодексінде жалақыны жыл сайынғы индексациялау нормаларын бекіту бойынша бірқатар ұсыныстарды көтердік, сондай-ақ, жұмыс берушіні жалақы жүйесін қалыптастыру мәселесі бойынша қызметкердің өкілімен кеңесуді міндеттеуді ұсындық. Ең төменгі жалақы – 70 мың теңге қандай көрсеткіштерден есептеледі? Бұл мәселеде Үкімет алдына ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін қабылдау міндетін қойған ел Президентінің қолдауын таптық. Бұл – біздің маңызды жетістіктеріміздің бірі, өйткені, әрбір қызметкер өзінің жалақысы қалай қалыптасатынын түсінуі керек», – деп қосты ҚРКФ төрағасы.
Ал индекстеу мәселесіне келсек, Сатыбалды Дәулеталин 150 мыңнан астам ұжымдық шарттардың тек 10 пайызында ғана жұмыскерлердің жалақысын индексациялау қарастырылғанын айтты. Дегенмен, индекстеу талабы барлығына бірдей болуы керек және ол бірінші кезекте табыс деңгейі 300 мың теңгеден төмен жұмыскерлерге қолданылуы керек деп санайды.
Біздің қоғамдағы маңызды тағы бір мәселе – жалақының негізсіз айырмашылығы.
«Кейбір жағдайларда жұмыс берушіні білдіретін топ-менеджерлер мен қызметкерлердің табыстары 50 және одан да көп есеге ерекшеленеді. Ал бұл айырмашылықты ешбір еңбекке қатысу коэффициентімен және жауапкершілік деңгейімен түсіндіруге болмайды. Әлемдік тәжірибе тұрғысынан мұндай диспропорциялар еңбек нарығындағы қиындықтарды көрсетеді. Осы әділетсіздікті жою үшін Кәсіподақтар федерациясы басшы мен қатардағы жұмыскерлердің жалақысының арақатынасының шекті деңгейін 10 еселік және одан көп емес етіп белгілейтін заңнамалық норманы енгізуді ұсынды», – деді ҚРКФ төрағасы.
Еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешудегі маңызды құрал кәсіподақ мүшелеріне тәулік бойы тегін заңгерлік көмек көрсететін ҚРКФ Заң клиникасы мен оның аймақтық филиалдарының жұмысы, сондай-ақ, кәсіподақ жобалары аясында қызметкерлермен тікелей байланыс болды.
«Заң клиникасының жұмыс істеуі барысында азаматтардан 7000 өтініш түсіп, 1400 заңгерлік кеңес берілді, 2155 медиация келісімі жасалды. Соңғы 2,5 жылда кәсіподақтар кәсіподақ активі үшін 546 оқыту семинарын өткізді», – деді ҚРКФ басшысы.
Сонымен қатар, қызметкерлермен кері байланыс орнату мақсатында ҚРКФ басшылығының еңбек ұжымдарымен 1234 кездесуі өткізілді, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының өңірлерге 29 жеке сапары болды.
«Қарапайым жұмыскерлермен әрқашан тікелей байланыста болу біз үшін маңызды. Еңбеккерлер өздерінің мәселелеріне құлақ асуды қалайды. Әрбір басқосу – бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы жағдаймен танысу, еңбекшілердің мәселесін шешу жолдарын іздестіру», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кездесу соңында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин халықаралық ынтымақтастық аясындағы нәтижелер мен жоспарлармен бөлісті.
Ол Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының құрамындағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының толыққанды мүшелігі қалпына келтірілгенін хабарлады, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі мүшелерінің бірлескен бастамалары туралы айтты.
Сонымен қатар, ҚРКФ төрағасы алдағы Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы хабардар етті.
«Еңбекшілердің әлеуметтік, еңбек, кәсіптік, экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі іс-шараларды біріктіру мақсатында бес түркі мемлекеті – Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстанның ұлттық кәсіподақ орталықтары жаңа құрылымды құру туралы өзара келісімге қол қою ниеттерін білдірді. Біз бұл мәселені бір жарым жыл бойы барлық тараптармен талқыладық. Кәсіподақтар федерациясы 28-31 шілдеде Бакуде жоспарланған Келісімге қол қоюға шақыру алды. Біз түркі мемлекеттері кәсіподақтарының ынтымақтастығын нығайтуды және кәсіподақ бастамаларын бірлесіп ілгерілетуді мақсат етіп отырмыз», – деп қосты ҚРКФ төрағасы.
Соңында Сатыбалды Дәулеталин жиынға қатысушыларды кәсіподақ бірлігін бірге нығайтып, жоғарыда аталған барлық міндеттерді шешуге табандылықпен қол жеткізуге шақырды.
Жиынға қатысушылар Кәсіподақтар федерациясының бастамаларын жоғары бағалап, ҚРКФ қызметінің «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясында белгіленген бағытты дәйекті түрде ұстануға дайын екендіктерін білдіріп, сенім білдірді.
ҚРКФ медиаорталығы