ҚРКФ төрағасы: «Кәсіподақтар медицина қызметкерлері үшін лайықты еңбек жағдайларына қол жеткізуді жалғастыруда»

Шымкентке жұмыс сапары барысында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «KAMEYA Pharm Group» көпсалалы емханасының ұжымымен кездесті.

Сапар барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы емханадағы рентгенография, физиотерапия, педиатрия бөлімшелері және басқа да мамандандырылған кабинеттердің жұмысымен танысты.

«KAMEYA Pharm Group» компаниясының бас дәрігері Жансері Суетов медициналық орталық 2022 жылдың 15 қазанында ашылғанын және бүгінде медициналық көмектің кең спектрі бар әмбебап отбасылық емхана форматында жұмыс істейтінін айтты.

«KAMEYA Pharm Group» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәуле Жақыпованың айтуынша, емхана ұжымы 105 адам болса, оның 103-і – «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының құрамына кіретін кәсіподақ мүшесі.

Сатыбалды Дәулеталин емхана жұмысымен танысып, еңбек жағдайлары, ұжымдық шарт және еңбек ұжымының түйткілді мәселелерін сұрады.

Ашық диалог форматында өткен басқосуда медицина қызметкерлері ҚРКФ төрағасымен өзекті әлеуметтік-еңбек мәселелерімен бөлісіп, оларды шешуге көмек көрсетуді сұрады.

Айтылған мәселелердің қатарында кіші медицина қызметкерлері мен техникалық қызмет көрсетушілердің жалақысының төмендігі де бар.

«Бүгінде кіші медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 75 000 теңге көлемінде белгіленген. Жәрдемақыны белгілеу арқылы біз жалақыны 90 мың теңгеге жеткіздік», – деп атап өтті Сәуле Жақыпова.

Сонымен қатар, атап өтілгендей, кіші медициналық қызметкерлердің еңбек демалысына шығуы кезінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу қарастырылмаған.

Сондай-ақ, бірқатар сұрақтар зиянды және ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің – әйелдердің зейнетке ерте шығуына қатысты болды.

Отырыс барысында айтылған маңызды мәселе – мемлекеттік емдеу мекемелерінің қызметкерлеріне қарағанда, жеке емхана қызметкерлерінің мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана ала алмауы.

Қызметкерлердің көпшілігі мемлекеттік медициналық мекемелерден жеке медициналық орталықта жұмыс істеуге көшуімен тұрғын үй түріндегі әлеуметтік кепілдіктің күші жойылып, олар автоматты түрде кезектен шығарылғанын хабарлады.

Әңгімелесу барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин медицина қызметкерлеріне ұлт денсаулығының игілігі жолындағы қажырлы, жанқиярлық еңбектері үшін алғыс айтып, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалу мәселелері әрқашан Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдардың жіті назарында екендігіне сендірді.

ҚРКФ төрағасы пандемия кезінде медицина қызметкерлерін қолдау шараларына тоқталды.

«COVID-19 пандемиясы кезінде кәсіподақтар медицина қызметкерлерін қолдауға бар күш-жігерін салды. Кәсіподақтар федерациясының және оның мүше ұйымдарының бастамасымен барлық медицина қызметкерлеріне, оның ішінде, денсаулық сақтау ұйымдарының қосалқы қызметкерлеріне санатына қарай жалақыға үстемеақы төленді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау тақырыбын жалғастыра отырып, ол Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы медицина қызметкерлерінің мәртебесін анықтау, медициналық қателерді қылмыстық жауапкершіліктен арылту және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды одан әрі жетілдіру үшін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру бойынша ұсыныстар пакетін қарастырып жатқанын айтты.

«Бүгінде медициналық кәсіподақ қоғамдастығына 300 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі кіреді. Біз медицина қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және әділ құқықтық қорғалуының проблемалық мәселелерін жақсы білеміз. Әлеуметтік әріптестік аясында Кәсіподақтар федерациясы осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда», – деп қосты Сатыбалды Дәулеталин.

 

 

 

ҚРКФ медиаорталығы