Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қарағанды облысының кәсіподақ көшбасшыларымен онлайн кездесу барысында кеншілердің әлеуметтік-еңбек мәселелерін талқылады.
Жиын барысында Сатыбалды Дәулеталинді «Қазкөміркәсіподағы» көміршілер кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов, Қарағанды облысы бойынша кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков, «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев, сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің барлық сегіз шахтасының кәсіподақ комитеттерінің төрағалары кеншілердің ең өзекті мәселелері мен еңбек жағдайлары туралы ақпараттандырды.
Әріптестерімен Қарағанды облысына алдағы жұмыс сапарын талқылай келе, Сатыбалды Дәулеталин жерасты кеншілерімен жеке сөйлесу және олардың жұмыс жағдайымен танысу үшін шахтаға түсуге ниетті екенін мәлімдеді.
«Біз үшін бүкіл өндіріс процесін көру, кеншілердің нақты еңбек жағдайларымен танысу және олардың жұмысы қауіпсіздік тұрғысынан қалай қамтамасыз етілгенін білу өте маңызды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
«Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев Кәсіподақтар федерациясының ерекше назарын талап ететін мәселелерді талқылады.
Оның айтуынша, тау-кен ұжымдары үшін ең өзекті мәселе – зейнет жасын қысқарту.
«Бұл мәселе басқалармен қатар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тікелей қатысты. Жас жігітке қарағанда 60 жастағы шахтер тәуекелге көбірек ұшырайды деп есептейміз», – дейді Евгений Буслаев.
Ол тау-кен техникасының жаңартылуына да назар аударды.
«Шахталардағы жабдықтар моральдық тұрғыдан ескірген және өзінің нормативтік мерзімінен асып кеткен. Соңғы жылдары кәсіподақтардың күш-жігерінің арқасында жаңа техникалар алынды, бірақ, бұл процесс жалғасуы керек. Кәсіпорын қаржы бөліп, инвестициялық бағдарлама мен жабдықты ауыстырудың нақты жоспарын әзірлеуі керек деп есептейміз», – деп есептейді кәсіподақ көшбасшысы.
Евгений Буслаев еңбек қауіпсіздігі тақырыбын жалғастыра отырып, қызметкерлерді еңбекті қорғау талаптарын сақтауға ынталандыруға тоқталды.
Оның айтуынша, еңбекке мерзімдік-сыйлықақы төлеу жүйесі аясында кәсіподақ пен жұмыс беруші арасында белгілі бір көрсеткіштерді орындағаны үшін қызметкерлерге сыйақы төлеу туралы келісім жасалған.
«Жалпы 35% сыйақы төлеу кезінде 20% өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтағаны үшін, ал қалған 15% өндірістік көрсеткіштерді орындағаны үшін төленуі керек деп келістік. Алайда бұл келісімнің мерзімі биылғы жылдың маусым айында аяқталды және басшылар бұл шарттарды келесі мерзімге ұзартуға келіспеді. Осылайша, біз ұжымдық шарт талаптарына қайта оралуға мәжбүр болдық, оған сәйкес өндірістік көрсеткіштер үшін үстемеақы 25%, ал қауіпсіздік шараларын сақтау үлесі 10% болды», – деді «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы.
Сонымен қатар, Евгений Буслаев кадр тапшылығын шешу, материалдық-техникалық жабдықтауды жақсарту және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.
Жабдықтау деңгейінің төмендігін Қарағанды облысының кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков те атап өтті.
Оның айтуынша, кәсіподақ бақылауы барысында сатып алынған 25 комбайнның 11-і ғана шахталарда жұмыс істейтіні анықталды.
«Әлеуметтік әріптестік аясында, соның ішінде, облыс әкімінің қатысуымен өтетін кеңестерде кеніштерді жеткізу мәселелері тұрақты түрде талқыланады», – деді Болат Жұмабеков.
Көмір өндіру технологиясын жаңғырту қажет деп есептейтін Марат Миргаязов еңбек қауіпсіздігі мәселесін шешуге қатысты пікірімен бөлісті.
«Көмір өндіру өнеркәсібі ескі технологиялар бойынша жұмыс істейді. Біз тау сілемінде қандай процестер жүріп жатқанын білмейміз. Жұмыс берушіні жаңа технологияларды дамытып, жазатайым оқиғалардың алдын алуға қаржы салуды міндеттеу керек», – деді Марат Миргаязов.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев кеніштерді газсыздандыру шаралары туралы сұрады.
Ол жұмыскерлердің қауіпсіздігі үшін шахтадағы газды шығару үшін ұңғымаларды бұрғылауды қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
Проблемалық мәселелерді тыңдаған Сатыбалды Дәулеталин Қарағанды облысына сапары барысында компания басшылығымен олардың шешу жолдарын талқыламақ ниетте екенін айтты.
«Өндірісті жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – еліміздің барлық саласының алдында тұрған ең маңызды мәселе. Бүгінгі таңда көп жағдайда кешенді жаңғыртудың жүргізілмеуі салдарынан апаттар орын алуда», – деді ол.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген отырысында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Өндірісті жаңғыртудың Ұлттық бағдарламасын әзірлеу және қабылдау қажеттігі туралы мәселе көтерді.
Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин кеніштегі газ-динамикалық құбылыстардың алдын алудың әлемдік тәжірибесін зерттеуге ғылыми қауымдастықты тарту туралы ұсыныс жасады.
«Бұл мәселелерді шешу шұғыл болуы керек. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі және ол ұлттық ауқымда жасалуы тиіс», – деп есептейді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының өндірістік жарақат үшін аралас жауапкершілікті заң жүзінде алып тастау туралы бастамасын да еске алды.
«Бүгінде елімізде еңбекті қорғаудың өтемдік моделі қолданылуда. Бұл модельдің ескіргеніне бәріміз сенімдіміз. Қайтыс болған жұмысшылардың отбасыларына төленетін өтемақы жақын адамынан айырылған шығынның орнын толтырмайды. Кәсіподақтар федерациясы Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында әзірленген тәуекелге негізделген тәсілді қолдайды. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, біз өндірістік жарақаттар үшін аралас жауапкершіліктен бас тартуды бірнеше рет ұсындық. Егер қызметкер жұмыс орнында жарақат алса, оған жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі», – деді ҚРКФ басшысы.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы облысқа алдағы сапары барысында кеншілердің зейнет жасын қысқарту мәселесін де талқылауды жоспарлап отыр.
«Кәсіподақтар федерациясының қызмет стратегиясында біз кеншілердің зейнет жасын төмендетуге қатысты нақты ұстанымымызды белгіледік. Біз өз бастамаларымызды одан әрі алға бастыруға, кеншілердің әлеуметтік-еңбек өмірінің сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік серіктестер алдында мәселелерді ашық көтеруге ниеттіміз», – деп сендірді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ медиаорталығы