«Теңізшевройл» ЖШС мердігері «ЮСС» компаниясы кәсіподақ ұйымының төрағасы, ардагер-спортшы, еліміздің және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, әр жылдары Әлем чемпионы және жүлдегері атанған Марал Көшенов 30 қазан мен 3 қараша аралығында Абу-Дабиде өткен ардагерлер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында топ жарып, Атырауға алтын жүлдемен оралды. Біріккен Араб Әмірлігіне әлемнің 64 елінен жиналған дзюдошылар жүлделерді сарапқа салған болатын.

Марал Бисекешұлының айтуынша, алғашқы жекпе-жектерінде ол француздық және австриялық дзюдошыны айқын басымдылықпен ұтқан. Жартылай финалда Бразилиядан келген спортшыдан да айласын асырған. Ақтық сында испаниялық ардагерді қапы қалдырған Марал алтыннан алқа тақты.
Бұл әлем чемпионаты қазақстандық команда үшін олжалы болып, команда қоржыны жалпы көрсеткіште 5 алтын, 3 күміс және 5 қола жүлдемен толықты. Жалпы командалық есепте қазақстандықтар бірінші орынға ие болды.

«Мен үшін биыл сәтті жыл болды. Қыркүйек айында самбодан әлем чемпионатында да жеңіске жеткен едім. Жеңісімді Атырау тұрғындарына арнаймын», – дейді Марал Бисекешұлы.
Ардагер спортшы биыл мерейлі 60 жасқа толды. Бір қызығы, ол жасына қарамастан спортпен шұғылдануды тоқтатпаған. Сүйікті жұмысынан бір сәтке де қалған емес.
«ЮСС» компаниясы бастауыш кәсіподақ ұйымына жетекшілік ететін ардагер спортшы Марал Көшеновті Әлем чемпионы атануымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулетәлин шын жүректен құттықтады.